Париж бен Нұр-Сұлтан арасында ынтымақтастық пактіне қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж бен Нұр-Сұлтан арасында ынтымақтастық пактіне қол қойылды

07.12.2021

Париж бен Нұр-Сұлтан қалалары арасында ынтымақтастық туралы пактіне қол қойылды. Қазақтың бас қаласы - әлемнің үздік астанасымен мұндай маңызды құжатқа қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы шаһар. Бұл - Франциядағы Қазақстан елшілігінің Париж әкімдігімен ұзақ жылдар бойы жүйелі жүргізген жұмысының жемісі.

Ынтымақтастық туралы пактіге Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Париж мэрінің орынбасары Арно Нгатча қол қойды. Қос шаһар экономика, экология, спорт, туризм салаларында ынтымақты арттырып, сандық технологияны дамыту, қоршаған ортаны қорғауда өзара тәжірибе алмаспақ. Тараптар мәдени қатынасты нығайтуға да күш салмақ.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Париждегі екі музейді Нұр-Сұлтан қаласына шақырдық. Бұл жердегі туындылар біздің көрермендерге де қызық. Біздегі мәдени майталмандардың еңбектерін Парижде көрсетуге болады. Сонымен бірге театрлардың қарым-қатынасын жолға қою. Ең маңыздысы - орта, шағын бизнес бір-бірімен араласса, Нұр-Сұлтанға туристер көбірек келетін болса, инвесторлар келетін болса, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Арно Нгатча, Париж қаласы мэрінің орынбасары:

Біз екіжақты мәдени қатынасты күшейткіміз келеді. Париж мэрінің атынан біз Нұр-Сұлтан қаласымен, оның әкімімен осындай келісімге қол қойғанымызды мақтан тұтамыз. Ынтымақтастығымыз жемісті болады деген сенімдемін. Өзім жақында ғана Қазақстанға, Нұр-Сұлтанға сапарлап, ерекше әсермен оралдым.

Нұрсұлу Қасым


Париж Нұр-Сұлтан пакт Алтай Көлгінов

Хабарламаларға жазылу