Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады

07.03.2024

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-сауд қатынастарының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтіп, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен арадағы уағдаластықтар екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бергенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңызды екі мемлекет арасындағы достық пен тығыз байланыстардың айқын көрінісі ретінде қарастырамыз. Мен сіздің ғажайып еліңізге жасаған сапардан естен кетпес әсер алдым. Сапар, шын мәнінде, табысты болды. Біз көптеген мәселе бойынша, әсіресе, энергетика секілді маңызды салада ынтымақтастық орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткіздік. 

Сондай-ақ Президент екіжақты қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына сенім білдіріп, өзара ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті. Әрі Жоғары Мәртебелі Мұхаммед бен Салманға да ізгі тілегін жолдап, сәлем айтты. Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылды.


Хабарламаларға жазылу