Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы қорытындыланды

03.12.2021

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ делегат Алматы облысындағы Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музей-үйінде болды. Жыр албының жылын қортындылаған шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы және қоғам қайраткерлері мен ақын, жазушылар да қатысты.

Шараға жиналғандар алдымен Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне гүл шоғын қойды. Артынша қазақтың даңқты ұлдарының құрметіне құран бағыштап, құрбандық шалды.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қорытындылау жиынында «Жамбыл Әлемі» кітабының 30 томдығы таныстырылды. Сондай-ақ, музейде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жас ақын-жазушылармен кездесу өтті.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
 Бүкіл жасалған нәрселер осы жастар үшін. Сондықтан келер ұрпаққа бүгінгі күні керемет өсиет сөздер айтылды. Жастардың өздерінің ұсыныстары болды. 

Жиын барысында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында атқарылған жұмыстар баяндалды. Биыл бір Алматы облысының өзінде ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында 700-ге жуық шара өткен. Қорытындылау жиынында жас ақындар арнау айтып, өлеңнен шашу шашты.

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын:
Жамбыл атамыздың шығармашылығы туралы, өмірі мен өнері туралы жастайымыздан естіп, біліп, жаттап өстік. Тек қана осы қазақ халқына ғана ортақ тұлға деп қана емес, түркі дүниежүзіне, түркі халықтарына танымал тұлға ретінде биыл 2021 жылы Жамбыл шығармашылығы кеңінен насихатталды деп ойлаймын. 

Үнемі ақиқат пен әділдікті ту еткен ақынның тұлғалық болмысын ашу мұнымен тоқтамақ емес. Оның бай мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу