Таразда «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті

19.11.2021

Таразда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Жиынға келген қонақтар алдымен ұлы ақынның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Жамбылдың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғысынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді. Ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыстарын бір ізге түсіру керек. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі» деді конференцияға қатысқан Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.

Халықаралық конференцияға Қырғыз елінің жазушылары, ғалымдар мен жамбылтанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында атқарылатын жұмыстар пысықталды. Сондай ақ, осы жолы «Жамбыл жырау» атты кітап оқырманға жол тартты.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары: 

Қазіргі таңда елімізде ұлы жыраудың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойы жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мелекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор.


Хабарламаларға жазылу