Қалың қар әуежайдың ғана емес, елорда маңындағы ауылдардың тіршілігін де тұралатып тастады. Әсіресе қараөткелдіктерге ауыр тиді. Өйткені елдімекен ішін техника тазартып үлгермей жатыр. Ауыл жұртының айтуынша бюджеттің миллиондарына тендер ұтқан мекеменің ақ ұлпаны аршитын жөнді техникасы жоқ.
Қараөткелдіктер таңнан бері осылай қарға батып жатыр. Көлікті қойып, адамдар да әрең жүр. Өйткені негізгі жолдарды айтпағанда, ауыл ішін қалың қар әлі басып жатыр. Соның кесірінен үлкендер жұмыстан, кішілер сабақтан қалды дейді жұрт.
Жанат Төребаева, Қараөткел ауылының тұрғыны:
Таңертеңнен сабаққа барайық десек жол жоқ, батып жатырмыз.
Бұған тұрғындар ауыл тазалығына жауапты мердігер фирманы кінәліп отыр. «Күш қуат» дейтін мекеменің қар тазалауға қуаты жетпей жатыр дейді. Айтуларынша тендерді ұтып алғанымен, ақ ұлпаны аршитын жөнді техникасы жоқ.
Жандос Қарасай, Қараөткел ауылының тұрғыны:
Қараөткел ауылында тым болғанда екі техника болуы керек. Кеше қар жауып жатқанда жол жоқ, ертең балалар сабаққа бара алмайды деп айттық. Мен жетіге жуық звондағанда әкім ұйқысынан әрең тұрып, бір сағатта барады деді. Мен үш сағат бойы күттім.
Тұрғындардың сағаттап күткені жиналып, шу шығарғанда ғана төбе көрсетті. Ал әкім болса, қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Алдымен автобус жүретін жолдарды аршып, қалғанын шамамыз келгенше тазалап жатырмыз дейді. Өйткені отыз мың халқы бар ауылға үш техника аздық етеді. Бірақ әкім бұған тендер ұтқан фирманы емес, компьютерді кінәлап отыр.
Азамат Мұқышев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
Қар тазалауға тендер ойнаттық. Оны енді өзіміз таңдап алмаймыз.Оны компьютер таңдап береді.
Десе де жұрттың осы мекемеге көңілі толмай отыр. Техникасын көбейтсін немесе басқа фирма жалдау керек дейді. Өйткені қалың қар Нұр-Сұлтанға тиіп тұрған ауылдың жылдағы бас ауруы. Ал қыстың қаһарлы мінезі әлі алда.
Досжан Маратұлы