Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Бельгия корольдігіне ресми сапармен барады. Президент осы елдің және ЕуроОдақтың басшылық құрамымен келіссөздер жүргізіп, еуропалық ірі компаниялардың кездесуі тиіс. Қазақстан қарт құрлықпен қандай жобаларды жүзеге асырмақ? Бельгияда жүрген әріптесім Альбина Әшімнен білейік.
Альбина Әшім, тілші:
Бұл сапар несімен маңызды? Ковид кесірінен Қазақстанның Еуропа елдерімен келісілген көптеген жоба тоқтап қалды. Салдарынан алыс-беріс те азайған. Қос ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 455 млн доллар болса, былтырғы көрсеткіш 322 млн долларға дейін төмендеген. Сондықтан тараптар ынтымақтастықты жандандыруды көздеп отыр. Ал Брюссельде ЕуроОдақтың штаб-пәтері де орналасқанын және Еуропа елдері ішіндегі бірнеше сала бойынша көшбасшы екенін ескерсек, Қазақстан үшін бұл сапар тұтас қарт құрлықпен қарым-қатынасты нығайтуға жақсы мүмкіндік. Ал енді Еуропа бізден не күтеді және ынтымақтастықты қай бағытта дамытуға мүдделі? Бұл сұраққа жауапты Бельгия Сыртқы істер министрлігінің өкілінен алдық. Қазір сұхбат үзіндісін назарларыңызға ұсынамыз.
Люк Либо, Бельгия СІМ Шығыс, Оңтүстік-шығыс Еуропа және орталық Азия бойынша департамент директоры:
Экономикалық қатынасты әлі де дамыту қажет. Мәселен, ауылшаруашылығы саласында біз Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Екі елдің климаты әртүрлі. Осыны ескере отырып, елдеріңізде қандай өнім өсіруге болады, сол тұрғыда ақылдаса отырып атқаратын жұмыс жетерлік. Қазақстан жеміс-жидек, жүгері өсіруді дамытуды көздеп отыр. Біздің зерттеу институттарымыз бұл мәселе бойынша бірқатар зерттеу жүргізген. Сондықтан екі елдің институттары бірігіп, қалай мол өнім алуға болатыны жөнінде бірге жұмыс істей алады. Сондай-ақ, сапар барысында біз өндірістік саланы ілгерілету, Қазақстан мен Бельгияның біріккен кәсіпорындарының жағдайын, екіжақты импорт пен экспорт мәселесін де талқылаймыз. Өкінішке қарай, алыс-беріс аса көп емес. Қазақстан бізге тағы не экспорттай алады, біз сіздерге не тасымалдаймыз? Осыны айқындауымыз керек.
Альбина Әшім, тілші:
Ал бұл мәселелер Қазақстан президентінің еуропалық бизнесмендермен екіжақты кездесулерінен кейін шешілуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев сапардың екінші күнін ірі компаниялардың басшыларына арнамақ. Маңызды келісімдердің бірі: зығыр экспорты. Бұған дейін Бельгия қазақстандық зығырды өз елінде өңдеп, Қытайға тасымалдайтын. Енді Қазақстанда зауыт ашылып, өңделген өнім біздің елден бірден Қытайға жіберілмек. Демек, Бельгияның Қазақстанға құятын қаржысы ұлғаяды. Қазірдің өзінде жетпістен астам бельгиялық компания біздің елде жұмыс істеп жүр. Ал он бес жылда еуропа елі тоғыз миллиард доллар инвестиция құйған. Жалпы, бұл жолы басымдық ауыл шаруашылығына беріліп отыр.