Алматыда үлескерлер 15 жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда үлескерлер 15 жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүр

24.11.2021

Алматыда 60-тан аса үлескер үйлеріне кіре алмай жүр. Олар осыдан 15 жыл бұрын салынып жатқан тұрғын үйге 6 млрд теңгеден аса қаржы құйған. Салымшылардың сөзінше, құрылысқа жауапты «Билдинг Сервис» компаниясы уақытылы жұмысын аяқтай алмаған. Қаражаты жетпей, 80 пайызы біткен нысанды банкке кепілдікке қойып, несие рәсімдеген. Алайда қарызды қайтара алмаған соң, банк қарамағына алып, басқа компанияға сатып жіберіпті.

Алматылық Зурахан Қалиева 2006 жылы қолда барын сатып, элиталық тұрғын үйден пәтер алу үшін 1 млн АҚШ долларынан аса ақша құйған. Бір жылға жетпей қоныс тойын тойлаймыз ба деп отырғанда құрылыс тоқтап қалған. Компания басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалып, директоры сотталып кеткен. Ал толық бітпеген нысанды банктен сатып алған «Көк байтерек» компаниясы бізді мүлдем жолатпай отыр дейді.

Зурахан Қалиева, салымшы:

Қанша күтуге болады мына үйді? 15 жыл өтті. Ең болмаса бізге шығып, «Көк байтерек» айту керек қой. Сендермен қайта келісімшартқа отырамыз, не болмаса ақшаларыңды береміз, болмаса ешнәрсе бермейміз деп айту керек қой.

Тұрғын үйдің алдына жиналған салымшыларға «Көк бәйтерек» компаниясының басшысы шықты. Директордың сөзінше, үлескерлердің талабы орынсыз.

Юрий Кувшинников, «Көк бәйтерек» ЖШС директоры:

Салымшылар 2006 және 2007 жылдары «Билдинг Сервис» компаниясымен келісімшартқа отырған. Қылмыстық істің шешімі бойынша салымшылардан жиналған қаражаттың құрылысқа жұмсалмағаны анықталды. Біз бұл нысанды «Нұр банктен» сатып алдық. Тиісті құжаттарымыздың бәрі бар.

Қала әкімдігінен рұқсат алған салымшылар Ганди саябағында наразылық акциясын ұйымдастырды. Айтуларынша «Көк бәйтерек» пәтерлерді қайта сатуға шығарған. Құрылысты жалғастыруға рұқсат бергендер біздің талабымызды ескермеді дейді.

Андрей Казначеев, салымшылардың құқығын қорғаушы:

Біз мақсатымыз – талабымызды жоғарыдағылар естісе дейміз. Қазір Мемлекет басшысының атына хат дайындадық. Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігіне, прокуратураға бірнеше рет шағымдандық. Алайда еш нәтиже жоқ.

15 жыл ішінде 62 салымшының төртеуі қайтыс болған. Арасында әлі күнге дейін пәтер жалдап тұрып жатқандары да бар. Үй алу үшін рәсімдеген несиемізді төлеп келеміз деп ашулы. Мәселе бір жақты шешілмейінше, наразылықты тоқтатпаймыз дейді. Алайда үлескерлердің нақты осы нысанға қатыстығын тексеру үшін қазір екінші қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу