Алматыда 10 отбасы заңды үйлеріне кіре алмай жүр

14.11.2019
Алматыда үш жылдан бері көшеге зар болып, жүйкесі жұқарған жұрт енді заңды үйлеріне де кіре алмай жүр. Тұрғындар әкімдіктен тиісті құжаттарын алып, баспананың құрылысын бастағандарымен, оны кенет тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі көше түседі деген жердің иесі табылған.  

2015 жылы Наурызбай ауданынан жер телімін алған 10 отбасының алғашында қуанышы қойындарына сыймаған. Тіпті, ескі баспаналарын сатып, бірден құрылысқа да кіріскен. Алайда, 2018 жылы көше болады деген жердің иесі табылып, аумақты темірмен қоршап тастаған. Содан бері үйлерінің құрылысын бітіре алмағандар жалдамалы пәтер жағалап кеткен. Баспанасын тұрғызғандар кіре алмай жүр.

Жұрттың ашуына тиген жер телімі «Тимус Констракшн» компаниясына тиесілі екен. Тіпті, олар жол салу үшін тұрғындарға бір сотық жерді 1,5 миллион теңгеден сатпақ болған. Бірақ көпшілік мұндай қыруар қаржыны табу мүмкін емес деп келіспеген. Енді қара жолдың азабын тартқандар үш жылдан бері лай батпақты кешіп жүр.

Десек те, істің әрі қарай қалай бітетіндігін әкімдіктегілер де нақты кесіп айтпады. Ал жеке үй салып, жайбарақат өмір сүреміз деген тұрғындар әлі біраз уақыт жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу