Қап тауынан Алатауға дейін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қап тауынан Алатауға дейін

24.02.2014
Қап тауынан Алатауға дейін
Өткен ғасырдың 30-шы, 40-шы жылдарында қазақ даласына көптеген ұлттар күштеп қоныс аударылды. Сол кезде ашаршылық пен тоталитарлық жүйеден мезі болған қазақ жұрты елге келген ешбір ұлтты алалаған жоқ. Керісінше, бір түйір нанын бөлісіп, бауырына басты.
 
Бүгін - шешен-ингуш халқының қазақ жеріне жер аударылғанына - 70 жыл. Осы жерде өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп жатқан олардың қазақ еліне деген алғысы шексіз.
 
Фатима Далаева Сыр өңірінде дүниеге келген. 40-шы жылдардағы қиындықты әке әңгімелерінен ғана біледі. Араға біраз жыл салып, шешен отбасы тарихи Отанына оралады.
 
Дегенмен, 90-шы жылдардағы Шешенстандағы саяси ахуал оның қазақ жеріне қайта көшіп келуіне мәжбүрлейді. Бүгінде Жетісу жерінде өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп, кәсібін дөңгелетіп жатқан жайы бар.
 
Фатима Далаева, қала тұрғыны:
Қазақ халқына менің де, менің ата-анамның да алғысы шексіз. Кезінде бауырына басты. Әлі күнге дейін бір әулеттің баласындаймыз. Жағдайымыз жақсы. Осы татулығымыз ажырамасын.
 
Фатиманың Талдықорғанда шағын құймақ орталығы мен дүкені бар. Өз кәсібінің нәсібін көріп жатқан кәсіпкерлер қатарында. 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
 
Жалпы, Жетісу өңірінде 6 мыңнан астам шешен ұлтының өкілі тұрады. Олардың әрқайсысы осылай еңбек етіп, тірлігін түзеп, ұрпақ жалғап келеді. Ұлттық құндылықтарын сақтап, дәстүрін нығайтып, тілі мен мәдениетін де дамытуда.
 
Асет Ибрагимова, облыстық шешен этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
Біздің күш-қуатымыз шынымен де бірлікте. Қоғамдық мәдени шараларда біргеміз. Түрлі мерекелерді бірге атап өтеміз. Осының бәрі елдегі береке-бірлік пен тыныштықтың арқасы.
 
Алматы облысында 100-ден астам ұлт пен ұлыс мекен етеді. Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың алғашқы жартысында күштеп қоныс аударылған. Дегенмен де, олардың әр қайсысы үшін қазақ жері- құтты қоныс, ортақ шаңырақ, туған жер, қасиетті Отан.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу