Бельгияда мыңдаған адам коронавирустық шектеулерге қарсы шерулетті. Полицияның мәліметінше, 35 мыңдай адам жиналған. Оларды тарату үшін тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газ бен су атқыштарды қолдануға мәжбүр болған. Айта кетсек, елде вирус өршіп тұр, қарашаның 17-нен бастап шектеулер күшейтілді. Бетперде тағу, вакцина төлқұжатын көрсету міндеттелген. Қызметкерлер желтоқсанның ортасына дейін онлайн жұмысқа көшірілді.
Нидерланды
Нидерландыда да коронавируспен күрес шараларына қарсы тәртіпсіздіктер толастамай тұр. Локдаунға көңілі толмаған жастар полициямен қақтығысып жатыр. 5 тәртіп сақшысы жараланған. 64 адам ұсталды. «Рейтердің» мәліметінше, наразылық акциялары елдің үш қаласында өткен. Вирус өршігендіктен, ел үкіметі жартылай локдаун енгізді. Мейрамхана, супермаркеттер жұмысы кешкі сегізге дейін аяқталуы тиіс. Адамдар бір-бірінен 1,5 метр арақашықтық сақтауға міндетті деген ереже қайта енгізілді. Шерулер Еуропаның өзге де елдерінде өтіп жатыр. Атап айтсақ наразылық шаралары Франция, Хорватия елдерінде тіркелген.