Басты Жаңалықтар Абай облысында ауылға қоныс аударғандар саны артты

Абай облысында ауылға қоныс аударғандар саны артты

Абай облысындағы ауылдарға жаңа мүмкіндік іздеп, көш басын ауылға түзегендер көбейді.  Өңірде «Қаладан – ауылға» жобасы басталғалы 400 ге жуық отбасы еліміздің әр өңірінен қоныс аударған. Соңғы апталарда тіпті өтініш білдіргендердің саны күрт артқан. Көшіп келгендер үшін жергілікті әкімдіктер үй-жайын дайындап, жұмыс беріп, көтерме ақы ұсынып отыр.

Жоба басталған алты айдың ішінде Абай облысына 1241 адам қоныстанған. Солардың арасында Шымкенттен, Борадулиха ауданы, Бірқұтов ауылына келген Халимтаевтар отбасы да бар. Жергілікті әкімдік бірден таңдаған баспаналарымен берген. Қазір отағасы өзінің 15 жылдан бері айналысатын омарташылық кәсібін дөңгелетіп мол табысқа кенеліп отыр.

Шадиер Халимтаев, омарташы:

Табиғаты күшті. Шемішке көп егеді. Урожай көп жақсы. Омартаны дамытуға қолайлы ауыл болғаннан кейін, осы Бүркіт ауылын таңдадым. Кәсіпті осы жерде дамытайық деген ниетпен келдік.

Ал Түркістан облысының Жетісай ауданынан, Бородулиха ауылына көшкен Заманбек Дастан тез жерсіндім-дейді. Мәдениет саласының қызметкеріне ауыл әкімшілігі лайықты жұмыс ұсынған. Жас отбасы жеке бизнесін бастауға да бел буып отыр. “Қаладан-ауылға” қанатқақты жобасына қатысқандарына разы.

Заманбек Дастан, мәдениет үйінің ұйымдастырушысы:

Жетісай ауданында бізде халық көп қой. Халық көп болғаннан кейін жұмыс жағы қиындау болады. Мамандық бар, жұмыс жағы табылғаннан кейін, неге осы қаладан, ауылға көшіп келмеске деген ой келді. Ауылдың өмірі, тыныс-тіршілігі тыныш қой. Керемет. Жұмыс бар.

Жоба бойынша қоныс аударушыларға баспана табу, жұмысқа орналасу, кәсіп бастауда жан-жақты қолдау бар. Тіпті кей ауыл кәсіпкерлері көшіп келгендердің алдына мал салып берген. Мұндай мүмкіндікті пайдаланғысы келгендердің қатары күрт артқан.

Қанат Тұрар, «Қаладан-ауылға» жобасының үйлестірушісі:

Алдыңғы апталарда орта есеппен, аптасына шамамен 10-15 отбасы көшіп келетін. Осы соңғы аптада 42 отбасы көшіп келді бір аптаның ішінде. Яғни осы «Қаладан-ауылға» жобасының қарқыны күшейгенін көрсетеді.

Жоба аясында облысқа жыл соңына дейін 500 отбасын қоныстандыру жоспарланған болатын. Көш түзегендердің қарқынын ескерсек, бұл меже биыл еселеп артады-дейді мамандар.


Бөлісу