Басты Жаңалықтар Димаш әлемдік турының концепциясын таныстырды

Димаш әлемдік турының концепциясын таныстырды

Димаш Құдайберген әлемдік DIMENSIONS турының алғашқы тарауының концепциясын таныстырды. Жоба әншінің ішкі әлеміне, өзін-өзі тануына және тұлғасының түрлі қырларын қабылдауына арналған. Әлемдік турдың алғашқы тарауы «Үнемі өзгерісте. Үнемі шынайы» деп аталады. Концепцияның негізгі түсі — қою қызыл. Композицияның ортасында Димаштың бейнесі орналасып, оны әртүрлі қырын көрсететін бірнеше образ қоршап тұрады. Авторлардың айтуынша, бұл образдардың әрқайсысы әншінің өміріндегі белгілі бір кезеңді және оның жан дүниесінің жеке қырын бейнелейді. Барлық бейне орталықтағы тұлғаға бағытталған. Бұл өзін-өзі қайта бағалау, тану және өткен жолды қабылдау идеясын жеткізеді. Шеңбер түріндегі композиция адамның ішкі әлеміне бағытталған тұйық визуалды циклді білдіреді. Яғни, DIMENSIONS уақыт пен кеңістікті аралау туралы емес, адамның өз болмысымен бетпе-бет келіп, өзін толық қабылдауы туралы ішкі саяхатты көрсетеді. Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің жаңа әні Бельгия радиостанцияларында эфирге шыққаны хабарланған еді.


Бөлісу