Жұрттан ақша өндіретін коллекторлардың күш көрсетуіне жол бермеу керек. Бүгін Алматыда қаржы секторының өкілдерімен кездескен Президент несиені бей-берекет беруді де доғару керек деді. Өйткені бұл жұрттың қаржылық жағдайын қиындатып, нарықтың тұрақсыздығына әкеледі. Банк және түрлі сақтандыру компанияларының басшыларымен Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы резиденциясында кездесті. Ұсыныстарын тыңдап, төрт бағыт бойынша тапсырма берді. Әрі атом электр станциясын салуға қатысты мәлімдеме жасады. Тілшіміз тарқатып айтсын.
Алматы еліміздің экономикалық орталығы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бірі осында тиесілі. Бизнес белсенді жұмыс істеп келеді. Бірақ салада түрлі мәселе көп. Осында банк басшыларымен соны талқылаған Президент халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеу керек деді. Қазір 550 мыңға жуық адам банк алдындағы берешегін төлеу мерзімін 90 күннен кешіктіріп жіберген. Бұл қаржы тұрақсыздығына әкелуі мүмкін. Сол үшін қаржы ұйымдары қарызды оңды солды беруді доғаруы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Әрине, кейбір адамдардың қаржылық сауаттылығы қажетті деңгейде емес. Соның кесірінен табысын дұрыс жұмсай алмай жатады. Айналып келгенде мәселені мемлекет пен банктердің бірлесіп шешуіне тура келеді.
Яғни тұрақты табысының болмаса, несие алу қиындай түспек. Өйтпесе болмайды. 10 айда тұтынушылық несие көлемі бірден 32 пайызға артқан. Оның үстіне көп пайызбен несие беретін шағын қаржы ұйымдарына жүгінетіндер артып барады. Қазір олардың жұртқа берген берешегі 1 триллион 300 миллиардтан асып кеткен. Яғни жыл басынан бері 28 пайызға өсіп отыр. Мемлекет басшысы мұндай ұйымдардың пайызын азайтуды тапсырды. Өйткені қарызға бату, жұртты қаржылық қиындыққа тіреп, төлем қабілетін нашарлатып жібереді. Ақыр соңында іске коллекторлар кіріседі. Бүгін Президент олардың халыққа күш көрсетіп, ойға келгенін істеуіне жол бермеу керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке орай мұндай жағдайлардың болғанын білеміз. Мен бұл мәселені Ұлттық сенім кеңесінің соңғы отырысында қозғаған едім. Бұл өзекті мәселе. Сондықтан несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын.
Пандемиядан кейін қайта аяққа тұру үшін бизнес арзан несиеге мұқтаж. Бірақ банктер несиені кәсіпкерлерге емес, жоғары пайызбен қарапайым адамдарға беруге әуес. Бұлай болмауы керек. Қаржы ұйымдары керісінше бизнесті қаржыландыруы тиіс. Өйткені шағын және орта кәсіп экономиканың драйвері. Президент сондай-ақ қиын қыстау кезде иек артатын Ұлттық қорды дамытуымыз керек деді. Әрі қаржы секторын цифрландыру ісіне баса мән беру қажет. Өйткені бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз инновациялық экономика мен қаржылық экожүйені жаңадан қалыптастыру кезеңіндеміз. Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекет басшысы ретінде мен үшін бүкіл экономикамызды жаңа инновациялық даму жолына салу – басты міндет. Осы ретте цифрлық валюталарды айналымға енгізу маңызды. Әрі болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн. Криптовалюта нарығына да бей-жай қарай алмаймыз.
Криптовалюта жайлы айта келе Президент криптобиржаны жаңа деңгейге көтеру мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені еліміз криптовалюта өндіруден әлем бойынша екінші орында, бірақ оның экономикалық тиімділігі біз қалағандай емес. Қазір түрлі майнингтік фермалар елмізде биткоин өндіреді. Тіпті олар электр энергиясын көптеп пайдаланатындықтан тапшылық та сезіле бастады. Осы ретте Мемлекет басшысы атом станциясын салу мәселесін тағы қозғады. Айтуынша қоршаған ортаны қорғап, көмірқышқыл бейтараптығына қол жеткіземіз десек, атом станциясын салудан басқа амал жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрине, біздің азаматтарымызға жаңа технологиялар жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Шет елдердегі, Ресейдегі жаңа технологияларды мысал етуге болады. Кейбірі Чернобыльдегі қайғылы оқиғаны еске алып, станцияның қажеті жоқтығын айтуы мүмкін. Бұл ескірген көзқарас. Қазір бұл сала, әсіресе технологиялар ерекше қарқынмен дамып келеді.
Досжан Маратұлы, тілші::
Десе де бұл әзірге сөз жүзіндегі бастама. Атом станциясының қашан қайда салынатыны әзірге белгісіз. Ал қаржы саласының өкілдеріне Президент 4 бағыт бойынша нақты тапсырма берді. Ұсыныстары да ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Оны Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентті мен Президент әкімшілігі зерттеп, тиімдісін іске асыруды қолға алуы тиіс.
Досжан Маратұлы