Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталды

19.11.2021

Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Соңғы 3 жылда шаһарда 536 жоба іске асып, 251 нысан салынған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Аймақ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Президент Жолдауы аясында Түркістан облысын дамытудағы басты бағыттарды айқындады.

Түркістан облысының қайта құрылып, облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Тәуелсіздік жемісі. Өмірзақ Шөкеев өз сөзін осылай бастады. Одан кейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Барлық салада көрсеткіш жоғары. Қаламен қатар ауылдың өзекті проблемалары шешілген. Мысалы, Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс ауылы ресми түрде еліміздің картасына енді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

Қазақстан территориясына, Түркістан облысына қосымша 795 гектар жер қосылды. Ол жерде көптен бері жер учаскілерін рәсімдей алмай келген тұрғындар мәселесі шешілді. Әлеуметтік мәселеге, біз облыстық бюджет арқылы газ құбырын жүргіздік, 300 орындық мектеп салынып жатыр.

Апатты және үш ауысымда оқытатын мектептер Түркістан өңірі үшін ең түйіткілді мәселенің бірі. 2025 жылға дейін осы проблеманы толық шешу көзделген. Көптен бері жаңа мектеп салып беруді өтініп жүргендердің тізімінде Өтеғұл ауылының халқы да бар.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

Көп адамға біз 78 мектеп салып жатырмыз десек, сенбейді. Бірақ амал жоқ, біз салуымыз керек, өйткені халықтың өсімі жоғары. Өтеғұл ауылындағы мектеп те сол тізімге кіретін болады. Жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр.

Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру үшін кешенді жоспар жасалған. Қазіргі таңда облыс орталығын дамытудың екінші кезеңі басталды. Осы кезде де ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге жеке инвестиция тартылған.


Хабарламаларға жазылу