Алдағы 3 жылдық бюджетке арналған заң жобасы Мәжіліске қайта жолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 3 жылдық бюджетке арналған заң жобасы Мәжіліске қайта жолданды

18.11.2021

Алдағы 3 жылға арналған ел қазынасына қатысты құжат Мәжіліске кері қайтарылды. Сенаторлар заң жобасындағы халықты сумен қамту, газбен жабдықтау және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қаржыны көбірек бөлу керек деп шешті. Бірақ жалпы алғанда төменгі палатаның бюджетке қатысты түзетулерімен келісіп отыр. Сондай-ақ, депутаттар Ұлттық қордың қазіргі жағдайына баға берді. Яғни ондағы қаражат ұлттық ауқымдағы дағдарысқа қарсы шараларға, әлеуметтік және стратегиялық жобаларға ғана жұмсалуы керек деп санайды. Әйтпесе қорды толтырудан гөрі оны түгесу белең алған. Айта кету керек, бюджетте әлеуметтік салаға көп қаржы - 26,7 трлн теңге қаралған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
Алдағы 3 жылға арналған бюджет негізінен қайта қалыпқа келуге және дамуға бағытталып отыр. Биылғы Президентіміздің Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтірудің нақты міндеттері белгіленді. Өнеркәсіптің тиімділігін арттыруға, өңірлерді дамытуға, халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге мақсат-міндеттер айқындалды. Сондықтан әр теңгені орынды пайдаланып, мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру аса маңызды.

Биыл 10 ай көрсеткіштері бойынша ел экономикасында 3,5 пайыз өсім тіркелді. Негізгі драйверлер - өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласы. Ал шетелдік инвестициялар 30,4 пайызға артқан.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Биыл өңделген тауар экспорты 25,5 пайызға өсті. Яғни сыртқы нарықта сұранысқа ие. Демек қалпына келу динамикасы анық көрініп тұр. Оны халықаралық қаржы институттары мойындап отыр. Былтыр бірде-бір рейтингтік агенттік бізге кредиттік көрсеткішті төмендеткен емес. Керісінше, өсім болды. Күні кеше Халықаралық валюта қорының миссиясымен кездестім. Олар биылғы өсім 3,8 пайыз деңгейде деп болжайды. Келер жылы экономика өсімі 4 жарым пайызға дейін көтерілетіні жайында болжам бар.

Нысаналы Ығыл

бюджет заң Мәжіліс

Хабарламаларға жазылу