Елімізде оқушыларға Pfizer вакцинасы емханалардан бөлек мектепте дайындалған екпе кабинеттерде салынуда. Бүгінге дейін 3300 бала ковидке қарсы вакцина алды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова балалар вакцинациясын бақылау үшін елордалық мектепке барды. Вице-министр бұл жұмыстың жоспарлы түрде ата-аналар келісімімен әрі дәрігерлердің рұқсатымен жүргізіліп жатқанын еске салды.
Жалпы, елімізге Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. Вице-министр бұл вакцина бірінші кезекте қатерлі топтарға салынып жатқанын айтты. Олардың арасында балалармен қатар жүкті және бала емізетін әйелдер де бар.
Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау вице-министрі:
Қазір дүние жүзіндегі ең жақсы, барлық клиникалық зерттеуден өткен ең тиімді, қауіпсіз деп әкелген вакцинаны мемлекет жағдай туғызып тұрғанда пайдаланғандарыңыз дұрыс.