Білім сапасына жауап бермесе, жоғары оқу орындары жабылады. Университеттерді лицензиясынан айыру - науқандық шара емес. Тек лайықтылары ғана қалуы керек. Иә, елде білімге де, кәдімгі қара суға да сусап отырғандар жетерлік. Үкімет 5 жылда ауылдарды толықтай сумен қамтитын жоспарын таныстырды.
5 жылда ауылдар 100% сумен қамтылады
Сапалы ауызсуға 2 мыңдай ауыл сусап отыр. Үйді-үйге шүмектен нәр беруі керек «Ақбұлақ» бағдарламасы да баянсыз болды. Енді Үкімет тағы үміттендіріп отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Осы жылдың қорытындысы бойынша ауызсумен қамтамасыз ету - ауылдарда – 91,8 пайыз, қалаларда – 98 пайыз болады. Сонымен қатар, қалған ауылдық елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен өңірлер жұмысты жандандырып, келесі жылы орташа республикалық деңгейге қол жеткізуі тиіс.
Көші-қонға байланысты елдімекендерде су тұтыну көлемі де көбеюде. Қазіргі уақытта 50 ауылда су құбыры желілерін кеңейту қажет.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Мысалы, Ақмола облысының Қараөткел ауылында іс жүзінде 18 мыңға жуық адам тұрады. Ал 2018 жылы салынған су құбырлары 8 мың адамға арналған. Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлу қажет.
Сала министрі ауызсу – «Ақбұлақ» бағдарламасындай арман болып қалмайтынына сендірді. 5 жылда проблема шешіледі екен.
15 универсиет жабылды, 400 мамандықтың лицензиясы қайтарылды
Үкіметте көтерілген кейінгі түйткіл – білім деңгейін көтеру. Университеті көп, бірақ үлгерімі кем. Елде 122 жоғары оқу орны бар. Алайда жарытып үйретері жоқ. Сондай 15 білім ордасы жабылды. Құзырлы орган тағы 4-еуінің қызметін тоқтатуға оқталып отыр. Ал 61 университеттегі 400 мамандықтың лицензиясы қайтарылды. Өйткені өңшең педагог пен заңгер оқытылған.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
120 университеттің 86-сында педагогтерді дайындаған. Саны бар, бірақ сапасы бойынша көп сұрақ туындайды. Сондықтан бүгінгі күні педагогтерді дайындап жатқан университеттердің саны 50-ден аспайды. Мысалы, заң бойынша 72 университет білім беріп жатыр. Біз бұл бағытта да талаптарды күшейттік. Сондықтан 10 шақты универсиететті дипломынан айырдық.
Университеттегі төлем жүйесі де өзгерді. Енді жан басына қаржыландырылады. Яғни қанша талапкер таңдаса, мемлекеттен сонша грант алады. Демек бұрынғыдай батпан құйрық жоқ. Жөндеу жұмыстары, жалақы, материалдық базаны жаңартуға бюджеттен бөлінбейді.
Нысаналы Ығыл