Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарларын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарларын қабылдады

16.11.2021

Мемлекет басшысы Каспий құбыр желісі консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын аясында Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарлары Александр Новак пен Алексей Оверчукті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және отын-энергетикалық қатынастарды нығайтудың перспективалары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл экономика, атом өнеркәсібі, көлік және логистика салаларын дамытуға, вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты екіжақты ынтымақтастықтың өзекті проблемалары қарастырылды. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдады. Ол Президентке көмірсутегі секторындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі ірі «Қаламқас-Теңіз» жобасының негізгі қағидаттары туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» компаниялары қол қойған болатын. Сондай-ақ, «Хвалынское» кен орнының игерілуі жөнінде де ақпарат айтылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмақ Республикасының басшысы Бату Хасиковты да қабылдады Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бату Хасиков Қазақстан аймақтарының Қалмақ Республикасымен өзара ықпалдастығын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды. 


Хабарламаларға жазылу