Бүгін зейнетақы реформасын жасаған белгілі қаржыгер Дәулет Сембаев қайтыс болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қайраткерінің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтасып, оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.
Дәулет Хамитұлы – саналы ғұмырын отандық қаржы саласының дамуына арнаған жан. Ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілуіне елеулі үлес қосқан қайраткер тұлға. Ол еңбек жолын қатардағы зауыт шеберінен бастап Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Ұлттық банк төрағасы, Парламент Сенатының депутаты қызметтерін абыроймен атқарды. Қаржыгерлер ассоциациясы кеңесінің төрағасы ретінде қаржылық-экономикалық заңнаманы жетілдіру үшін ауқымды әрі нәтижелі жұмыс істеді.