Қытай халқы Жаңа жыл мерекесін атап өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай халқы Жаңа жыл мерекесін атап өтуде

07.02.2014
Қытай халқы Жаңа жыл мерекесін атап өтуде
Чуньцзе. Бұл - Қытай халқының асыға күтетін ең басты, әрі ең сүйікті мерекесі. Біздіңше - жаңа жыл. Мейрам қаңтардың екінші жартысынан ақпанның тоғызына дейін тойланады.
 
Бұл күндері қытайлықтар бір-біріне тәтті тағамдар сыйлап, көктемді қарсы алуға қамданады. Көршіміздің мерекесі біздің елде де тойланып жатыр. Осыған орай, Астанада Қытай елінің өнерпаздары «Шаттыққа толы көктем мерекесі» атты арнайы гала-концерт өткізді.
 
Астанаға көктем кеш келеді. Алайда, Қытай елінің өнерпаздары әуезді әндерімен көрерменге көктемнің лебін сездірді. Классикалық халық опералары, ежелгі қытай аспаптары, бәрі-бәрі көрші елдің мәдениетінен сыр шертіп, көпшілікке көршіміздің жаңа қырларын танытты.
 
Қала тұрғыны:
Бүгінгі өтіп жатқан концерт көңілімнен шықты. Себебі, Қытайдың мәдениеті, өнері Қазақстан мен екі ел арасындағы бейбітшілік қарым-қатынас біз үшін өте маңызды.
 
Қала тұрғыны:
Менің оқып жатқан тілім - қытай тілі. Сондықтан, мен осы концертке қытайдың мәдениетін, әндерін, билерін көру үшін арнайы келдім.
 
Қытай әртістері Қазақстанға жыл сайын келеді. Мерекелік сапармен. Бұл мәдени дәстүр. Шығармашылық ұжым Астанадан бөлек, Алматы, Ақтөбе қалаларына да гастрольмен бармақ. Ал, осыған дейін өнерпаздар әлемнің 100-ге жуық елінде өнер көрсеткен.
 
Лэ Юйчэн, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі:
Біз концертке Қытайдың Шунцин қаласынан мықты әртістерді арнайы алдыртық. Олар АҚШ, Еуропа, Жапония секілді әлемнің алпауыт елдерінде өнер көрсетіп, көрермендерінің мақтау-мадағына бөленген жандар. Енді, өнерпаздарымыз Қазақ көрермендерінің де оң бағасын алды деп сенемін.
 
Айдана Үсенбай, тілші:
Міне, астаналықтар Қытай мәдениетінің біз білмеген жаңа қырларымен осылайша танысты. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Лэ Юйчэннің айтуынша биыл елімізде «Қытай халқының мәдени күндері» өтпек. Ал, бүгінгі гала-концерт алда келе жатқан ірі іс-шаралардың бастауы болмақ.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу