Елордада тұрғындар көгілдір отын мәселесін көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тұрғындар көгілдір отын мәселесін көтерді

05.11.2021

Газы бар, жылуы жоқ. Елордадағы Көктал тұрғын үй алыбының тұрғындары көгілдір отыннан жиі ажыратылады. Ал құзырлы органдардың жауабы дайын. Сөніп қалуының себебін түсіндірді. Құнына қатысты да нақты есептеулер бар деп отыр. Айта кетейік, бүгінде мыңға тарта үй газға қосылған.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Көгілдір отын бағасы көкталдық тұрғындардың көңіліне қонбай тұр. Бағасы ғана емес, сапасы да сын көтермейді. Жылыну орнына бүрсең қағып отыратын күндері көп.

Жұрт газдан жиі ажыратылады. Көгілдір отынға қосылған 1 жарым айда осымен 4-рет берілмей қалыпты.

Мұхтар Батырбекұлы, қала тұрғыны:

Бірінші рет 6 сағатқа, одан кейін 13 сағатқа үзілді, одан кейін тағы тоқтап қалды. Енді бір күн болды.  Біз мына қысқа көшеде 6 үй қосылдық газға. Бірақ  газдың осындай проблемасы жетіп жатыр.

Мұндайда Мұхтар Батырбекұлы үйін көмірмен жылытады. Бірақ көршілерінің көбі от жағудың машақатынан арылдық деп, пештен де құтылған. Асығыстық танытқандарын аяз қысқанда барып аңғарды.

Сұлушаш Омарова, қала тұрғыны:

Көп адам осы газды өткізіп, пешті алып тастады ғой. Бәрін саттық. Кеше газ күні бойы болған жоқ. Балаларымыз, бәріміз ауырып, тоңып қалдық.

Қосымша пештің сақталуы керек екені техникалық шартта көрсетілген. Тұрғындар мен газ орнатушы компания арасында сондай құжат бар. Ал көгілдір отын неліктен үзілді? Себебі көп. Тексеріліп жатыр.

Асқар Қонақбаев, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Астана өндірістік филиалының бөлім басшысы:

Судың салдарынан болуы мүмкін, құрылыс, монтаж жұмыстары кезінде. Немесе  ауа райына байланысты конденсаттауымыз бар. Ол да болуы мүмкін. Қаралып жатыр жан-жақты.

Елордада газ бағасы өзге өңірлерден қымбатырақ. Тұрғындар соған да наразы. Ал мамандар бұл тасымалға байланысты дейді. Басқа да шығыны бар. Текше метріне 38 теңге 9 тиыннан келіп тұр.

Қазыбек Ратбеков, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма басшысы:

Соның ішінде кеңсе заттары бар, табиғи монополия субъектісінің жалақысы бар. Жаңадан газ келгеннен кейін қолдану ауқымы дейміз. Өте аз. Соған байланысты тариф те үлкен болады.

Ал негізі әлеуметтік саясатқа қарай газ ішкі нарықта өзіндік құнынан төмен сатылуда. Бірақ бұл газ саласының дамуын тежейді. Соңғы 5 жылда газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың шығыны 425 млрд теңгеден асқан деді Энергетика министрлігі.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу