Көкшетауда бір аптадан бері газ тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда бір аптадан бері газ тапшы

12.10.2021

Көкшетауда газ тапшы. Қаладағы 20-дан астам көпқабатты үйде бір аптадан бері көгілдір отын жоқ. Газ құю бекеттерінде де жағдай қиын. Қалаға қашан көгілдір отын жеткізіледі? Тілшіміз Ермек Елберген анықтады.

Ермек Елберген, тілші: 
Көкшетауда қалаға ортақ газ жүйесі жоқ. Аулаларда мынадай газ тарату қондырғылар қойылған. 20 шақты көпқабатты үй қосылған осындай қондырғылар қазір бос тұр. Газгольдерлерді толтырғанмен, көгілдір отын көпке жетпей, таусылып қалады.

Дәл орталықтағы Абылай-хан даңғылы , Көктем шағын ауданы, Сүлейменов көшесіндегі көпқабатты үйлерде мүлдем көгілдір отын жоқ. Жылда қайталанатын мәселені айтып табанынан таусылған жұрт енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Тұрғындар тығырықтан шығу үшін амал жоқ газ баллондарын пайдаланып келеді. Тоқ пешті қолданатындар да бар.

Сағит Қосанов, қала тұрғыны: 
Газ көптен болмай тұр. Сосын біз газ баллон алып, сонымен мәжбүрміз пайдалануға. Негізі ол қауіпті нәрсе, енді, амалсыз үйде тамақ пісіру керек балалар бар, кішкентай балалар бар. Сондықтан амалсыз сол газ баллонмен пайдаланамыз.

Көкшетауда көлікке құятын газ да таптырмай тұр. Көгілдір отын бірнеше бекетте ғана бар. Сондықтан кезек көп.

Нұрлан Жақыпов, қала тұрғыны: 
Бұл мүлдем қиын болды. Кезекте тұрмыз, міне. Әйтеуір, таусылып қалмаса болды. Қай жерде газ бар естиміз, сол бекетке асығамыз. Енді, баға да көтерілетін шығар.

Жанармай құю бекеттерінде жағдайдың қашан қалыпқа келетінін ешкім айта алмайды. Себебі газдың жеткізілуіне қарай бағаны да нарық өзі реттейді дейді әкімдіктегілер. Ал тұрғын үйлердің мәселесін жуық арада шешеміз деп тағы сендірді.

Серік Құдабай,  қала әкімінің орынбасары: 
 Біз "Газ-Қызмет" серіктестігі басшылығымен бір апта бойы байланыстамыз. Бүгін газ келді. Қондырғыларды толтыру басталды. Бірақ, тұрғындардың айтуынша, көгілдір отын 2-3 күнге ғана жетеді. Сондықтан арнайы инспекторды тағайындап, компанияны жауапқа тарту жолдарын қарастырамыз. Сондай-ақ, тұрғындар қол жинап, қызмет көрсетуге компанияны ауыстыра алады.

Көкшетаудағы 238 газ тарату қондырғысының жартысына жуығы істен шыққан. Қаладағы жүздеген отбасы баллон қолдануға мәжбүр.  Осыдан он ай бұрын ғана облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллон жарылып, 8 адам жарақат алып, екі бала көз жұмған болатын.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу