VІ Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

VІ Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты ашылды

01.11.2021

Жұмысшы мамандар арасындағы «WorldSkills Kazakhstan 2021» байқауы басталды. Ертеңнен бастап ел аумағында 40 күн бойы жас кадрлар іріктеуден өтеді. Үздіктері Шанхайда болатын жаһандық додаға түседі.
Нысаналы Ығыл, тілші: 
WorldSkills қозғалысы «заманың түлкі болса, тазы боп шал» ұстанымына негізделген. Яғни, жұмысшы мамандардың машығын арттырып, әлемдік тәжірибеге бейімдейді. Кәсіп иесін халықаралық деңгейге көтеріп, еңбек нарығында ерек орын иеленуге сеп.
Дина да дара. Ол веб технологиясына талаптанып жүр. Биыл ЕуроSkills жарысында қола жүлдеге қол жеткізді. Қазір Торайғыров университетінің ІТ бағытында 2-ші курс студенті. Енді әлемдік бәсекеде ептілігін көрсетпек. Жалпы, мұндай чемпионаттар жалынды жастарға жол ашады.
Дина Афанасьева, Euroskills чемпионатының қола жүлдегері: 
Шеберлігі үшін медаль иеленгендер еуропалық колледждердің дипломымен теңесетін құжат алады. Бұл кәсібилігімізді растайтын құжат. Яғни, егер мен Еуропа елдерінде жұмыс істегім келсе еш кедергі болмайды деген сөз.
VІ-шы республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты ресми түрде ашылды. Ал, ертеңнен бастап 8 өңірде бәсеке өтеді. Жұмысшы мамандықтары бойынша 500-ге жуық қатысушы, соншама сарапшы болады. Ел үздіктері дүниежүзілік бәйгеге түседі. Жарыста жас шыңдалып, жабдық жаңарады.
 Санжар Тәтібеков, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті: 
Сол қондырғыларды әріптестеріміз, оқытушыларымыз, колледж басшылары көре отырып осының барлығын кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне яғни біздің колледждерімізге алып келіп жатыр. Мысалға 2019 жылға дейін Қазақстан мехатроника дамымаған еді. Серіктестерімізбен Қазақстанда дамыттық. Әлемдік чемпионатта үздік маман деген медаль ала алдық.
WorldSkills – жас кадрларды өндірістік салаға тартуға және кәсіптік-техникалық білім беруді ілгерлетуге ықпал етеді. Мысалы елде 50 млрд.тан астам теңгеге 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу