Коллектор мен жеке сот орындаушыларының құзыретін реттеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллектор мен жеке сот орындаушыларының құзыретін реттеу керек

01.11.2021

Коллектордың сөзін түзейтін корректор, сот орындаушылардың құзыретін шектейтін құрал қажет. Сондай-ақ, жеке тұлғаны банкрот деп жариялайтын заң әзірлейтін кез келді. Парламент Мәжілісінің депутаттары осындай ұсыныс-пікірлерін арна тілшілеріне айтты. Әсіресе микронесиелік ұйымдардан есепсіз пайызда қарыз алып, коллекторлардан қысым көріп жүргендер көбейіпті. 

Қазір қазақстандықтардың банктер мен микронесиелік ұйымдарға қарызы 8,6 триллион теңгеге жеткен. Кей мәліметтерге сенсек, елімізде 9,23 миллион адам экономикалық тұрғыдан белсенді, яки жұмыс істеуге қабылетті. Ал осы 9,23 миллион адамның бар-жоғы 1,7 миллионында ғана несие жоқ. Қалған 7,5 миллион адам банктер мен шағын қаржы ұйымдарына қарыз.

 Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Микрокредиттік ұйымдары адамдарды алдап, арбап, кредитке кіргізгеннен кейін, солардың қарызын коллекторлық компанияларға іліп қояды. Коллекторлық компаниялардың әдіс-тәсілі бұл 90 жылдардағы ұйымдасқан топтардың әдістері мен тәсілдері тәрізді.

 Мәди Сарбупин, «ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы:

Қарыз алушылардың бір құқығы бар. Коллекторлық ұйым хабарласқан кезде видео және аудио бақылауды жүргізу. Яғни коллекторлық агенттіктің заңсыз әрекетін бізге көрсете алады.

Жалпы, микронесиелік ұйымдар белгілі бір капиталын көрсетіп, ұлттық банктен сертификат алады. Сол арқылы жұмыс істейді. Негізі шағын қаржы ұйымдарының үстемақылары 56 пайыздан аспауы керек.

Біржан Мешелов, қаржыгер:

Коллекторлық ұйымға берілген процессті цессия деп атаймыз. Өйткені шағын несие ұйымдары өздерінің сапасыз портфелдерін, проблемдік несиелерді сатады. Сатып алғаннан кейін олар да өзінің пайдасын көздейді. Ешкім тегін істемейді. Олардың да шығындары бар соның бәрін қосып, үстінен үстемақы көреді.

Коллекторлар есепшоттарды бұғаттамайды, мүлікті тәркілемейді. Бұл процесті атқаратын сот орындаушылары ғана. Қазір Қазақстанда 2200-дей жеке сот орындаушы бар. Олардың әрқайсысы жыл сайын кемі 700 борышкерден қарыз өндіріп алады.

Айбын Өтегенов, Респубюликалық жеке сот орындаушылар палатасының мүшесі:

Сот орындаушы ісін бастау үшін атқару құжаты керек. Онсыз жеке сот орындаушы қандай да бір іс әрекетті бастай алмайды.

Ал депутат Ирина Смирнова Қазақстанда жеке тұлғаны банкрот деп танитын кез келді дейді. Осы ұсынысты әлі де заң жобасына енгізу үшін күш салып жатыр.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Адамның есепшоттарын, банк карталарын бұғаттайды. Ол сонда қалай ақша табады?  Амалсыз заңсыз жұмыс істейді. Егер ол заңды жұмыс істесе, оның бүкіл жалақысын сыпырып алады. Зейнетақының өзін тартып алып жатыр. Бұл не деген сұмдық?! Мұның бір шегі болу керек қой. Жеке тұлғаны банкрот деп тануымыз керек. Сол себепті біз осы мәселені түбегейлі шешетін заң жобасын дайындап жатырмыз.

Оған дейін егер есепшоттардың барлығы бұғатталса, жеке тұлға сот орындаушыға хабарласып, жалақы алатын немесе жәрдемақы, я болмаса зейнетақы алатын есепшотын көрсетуі тиіс. Заң бойынша жалғыз табыс көзін бұғаттауға болмайды. Тек кірістің ең көп дегенде 50 пайызын ғана ұстап қалуға сот орындаушылары құқылы.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу