Қостанай облысындағы Соналы ауылының кітапханасында бір айдан бері жарық болмады. Ал осы Соналы елді мекені қарайтын Сарыкөл ауданындағы 22 кітапхананың жетеуі әлі күнге дейін пешпен жылытылады. Яғни орталық желіге қосылмаған. Ауыл кітапханаларының ахуалы неге мүшкіл?
Соналы ауылының кітапханашысы Рита Шаяхметова картотекадан қажетті мәліметті телефон шамымен қарауға мәжбүр. Есептегіш құрылғыны ауыстырамыз деп энергетиктердің ғимаратты жарықтан ажыратқанына бір ай болыпты. Алты жыл бұрын мектеп ғимаратынан ауылдағы бос тұрған ескі тұрғынүйге көшірілген мәдениет мекемесі содан бері өркениет жетістігінен ада, орта ғасырдағыдай күн кешіп келеді.
Рита Шаяхметова, Соналы ауылының кітапханашысы:
Мен таңертеңгі сағат 10-нан 14 -30-ға дейін істеймін . Пешті өзім жағамын. Отынды орталық кітапхана түсіріп береді.
Ал Остров ауылындағы кітапхана мектепте орналасқан, орталық жылу желісіне қосылған. Алайда бұл мекеме де күндізгі уақытта ғана жұмыс істеп тұр. Себебі екі аптадан бері электр жарығы жоқ.
Валентина Кучеренко, Остров ауылының кітапханашысы:
Қатты жел болғанда сым үзіліп, соның кесірінен жарықсыз отырмыз. Жуық арада жөндейді деп үміттенеміз.
200-ден астам тұрғыны бар Соналының кітапханасы заман талабына сай болмаса да келушілер қатары сиреген емес. Бұл жер тура мағынасында шағын елді мекеннің рухани орталығы.
Айсана Әбдіназарова, Соналы ауылының тұрғыны:
Жас мұғалім ретінде жиі келемін. Мұнда бізге қажетті ақпараттар бар. Апта сайын газеттер келеді.
Материал эфирге дайындалып жатқанда осы екі кітапханаға жарық берілгені белгілі болды. Сонымен қатар Соналыдағы кітапхананы ескі тұрғынүйден көшіруге қам жасалып жатқан көрінеді.
Гүлбахра Елеуова, Сарыкөл аудандық мәдениет бөлімі басшысы міндетін атқарушы:
Енді қазір келісіп жатыр. Мектептен бос бөлме беріледі. Соған ақша бөліп, жөндеу жүргізу қажет.
Сондай-ақ аудан басшылары пешпен жылытылатын 7 кітапхананы орталық желіге қосу мәселесін бір жыл көлемінде шешеміз деп отыр.
Дауренбен Әбдібек