Ақтөбеде жалған хабарлама таратқан тұрғын 5 жылға сотталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жалған хабарлама таратқан тұрғын 5 жылға сотталуы мүмкін

27.10.2021

Дәмханаға жарылғыш зат қойылды деп жалған хабарлама таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны 5 жылға сотталуы мүмкін. Ол қалалық Ішкі істер бөлімінің жедел орталығына қоңырау шалған. Полицейлер күдіктінің 27 жастағы Қобда ауданының тұрғыны екенін анықтады. «Бомба қойылды» деген дәмханаға Төтенше жағдайлар қызметкерлері, саперлар мен полицейлер лезде жетіп, 87 адамды эвакуациялады. Ол жерден ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Күдікті өз ісін «қалжың» деп түсіндіруге тырысқан. Бұл - жыл басынан бергі осындай тоғызыншы оқиға. Оның бесеуінде жалған хабарлама бергендер ұсталды. Естеріңізде болса, 2 ай бұрын бірнеше мектепке бомба қойылды деп белгісіз біреу электронды хат жолдаған еді. Алайда оның кім екені әлі анықталмады.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда аталған факт негізінде ҚР ҚК 273-бабы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша сотқа дейінгі тергеубасталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Осы баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда дәл осындай жалған ақпарат таратқан 8 адам жазаға тартылды. Олар 3-4 жылға дейін бас бостандығынан айрылған және қоғамдық жұмыстарға тартылған.


Хабарламаларға жазылу