Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының 40-қа жуық дәрігері жұмыстан кетпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының 40-қа жуық дәрігері жұмыстан кетпек

27.10.2021

Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының 40-қа тарта дәрігері жұмыстан кетпек. Олар медицина мекемесі басшысы Ерлан Аяғановтың қызметтен алып тастауына наразы. Дәрігерлер еңбек шартын бұзу туралы өтініштерін жазып та қойған. Облыс әкіміне де ұжымдық хат жолдапты. 430 адам қызмет атқаратын ұжымға соңғы жылдары басшы тұрақтамаған. Ал тәжірибелі маман, білікті жетекші келгелі жұмыс жүйеленді, - дейді дәрігерлер.

Махамбет Сабиров, қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі:
Бұл шешіммен мен келіспеймін. Өйткені біздің бас дәрігер өте жақсы адам.  Ол кісі өте көп еңбек сіңірді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, бас дәрігерге қатысты тәртіптік іс қаралған. Кеңес оны жұмыстан босату туралы ұсыныс жасаған. Осыдан кейін аурухана басшысы өз еркімен қызметінен кеткен. Анығы- қазір қалалық аурухананың лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алайда қандай бап бойынша екендігі жарияланбай отыр.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 
Аяғанов Ерлан Серікұлы өз бастамасы бойынша шартты бұзу туралы хабарламамен денсаулық сақтау басқармасына жүгінді. Хабарлама әрине, қабылданды және бүгінгі күні Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының Көкшетау көпбейінді қалалық ауруханасы бас дәрігері Аяғанов Ерлан Серікұлымен еңбек шарты бұзылды.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу