Басты Жаңалықтар Қызылжарда қазақ зиялыларына арналған ескеркіштер қоқыста жатыр

Қызылжарда қазақ зиялыларына арналған ескеркіштер қоқыста жатыр

Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев сынды ұлы тұлғалардың мүсіндері мүсәпір күйде. Тіпті жергілікті билік ескерткіштердің бірқатарының жоғалып кеткенінен бейхабар. Әріптесім Эльмира Кәленова рухани құндылығымызды түгендеуге тырысты.

Эльмира Кәленова, тілші: 
Евней Бөкетов, Шоқан Уәлиханов, Иван Шухов, Мағжан Жұмабаев... Ұлылардың есімі жазылған тақтайшалардың аяқ астында жатқаны өкінішті.

Қызылжарлық Жазира Көкбас ескерткіштердің осындай күйге түсуін тарихқа жасалған қиянат деп есептейді.

 Жазира Көкбас, қала тұрғыны: 
Қыруар ақшамен жасатты, кезінде керек болды, керексіз кезінде кәдімгідей өздері бір балалар көрмейтін, жалпы бір халық көрмейтіндей ел көзінен тасалау жерге қоятын болса, біздің ашу-ызамыз тумайтын еді.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағына 2010 жылы ұлт зиялыларына арналып орнатылған 12 ескерткіштен бүгінде қалғаны осы. 6 ескерткіш жарты жылдан бері мәдениет үйінің алдында тұр. Басқа алтауының қайда кеткенін жауаптылардың өздері білмейді.

Азат Ыбыраев, Қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі: 
Астында тұрған тұғырлары бұзылып кеткен себебінен осы мүсіндерді уақытша орналастырды. Қазіргі таңда тұғырларын жөндеу ақшасы саналып жатыр. Бюджетке енгізіледі, сонан кейін осы мүсіндер қайта орналастырылады.

Ал кезінде бұл композицияны орнату үшін қала қазынасынан 38 млн теңге бөлінген болатын.

Эльмира Кәленова, тілші: 
Мына жер ескерткіш тұратын орын емес, қоқыс алаңын еске түсіреді. Күтім көрмеген мүсіндер бүлініп, жарыла бастаған.

Ал мынау спорт ардагері Бауыржан Құлжанов негізін қалаған «Даңқ аллеясы». Алаңда талай дүбірлі додада еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктеткен саңылақтарға арналған ескерткіштер орнатылған.

Зейнеткер үйінің жанында бос жатқан жерді саябаққа айналдырған. Аллеяда күш атасы Қажымұқанның ескерткіші ерекше көзге түседі. Соңғы тұрғызылған мүсіндердің бірі – олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтікі.

Аллеяда әзірге 30-дан астам ескерткіш бар. Спорт қайраткері бәрін өз қаржысына жасаған. Жергілікті билік қажет етпеген мүсіндерді ұлт жанашыры саябағының төріне қондырғысы келеді.


Бөлісу