Тарбағатай ауданында көмірдің тоннасы 25 мың теңгеге жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай ауданында көмірдің тоннасы 25 мың теңгеге жеткен

25.10.2021

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында көмірдің тоннасы 25 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Тіпті кейбір шалғай ауылдардың халқы оның өзін таппай отыр. Қатты отын бағасы қанша шарықтағанымен, шарасыз халық алуға мәжбүр. Көмірдің жоқтығынан қи жағып жылынып отырған жұрттың жағдайын Ержан Жақып біліп қайтты.
Тарбағатай ауданында былтыр тоннасы 19 мың теңге болған көмір биыл 25 мыңнан сатылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың қымбаттығына қарамастан аз-аздап болса да осы отынды алудан басқа амалдары жоқ.
Әскербек Құзайдаров, Жаңатілеу ауылының тұрғыны:
Ауылды жерде қарап отырсаңыздар, халықтың орташа еңбек көп жерде жұмыс істейтіндердікі 50-60 мың. Көмір 25 мың. Сонда екі тонна көмір алатын болса, бала-шағасын немен асырайды.
Қазір ауылға келген көмірді кәсіпкерлер 1-2 тоннадан ғана үлестіріп жатыр. Отын құнының шарықтауына Омбы-Майқапшағай трассасының тоз-тозы шығып жатқандығы мен дизельдің қымбаттауы себеп-дейді олар.
Амангелді Назаров, кәсіпкер:
Көмір алып келейік десек солярка жоқ. Солярканың қазірдің өзінде «Қазмұнайда» 260 теңге болып тұр литрі. Ал бір Камаз бір рейске, ең аз дегенде 800-850 литр солярка жағады. Жолдың түрі жаман. Қымбаттауы сол.
Бұл- аудан орталығы мен халқы көп ауылдардағы жағдай. Ал шекараның дәл түбінде орналасқан елді-мекендерде тіпті қиын. Қымбат болса да, сол көмірдің өзі жоқ. Халық қи жағып отыр.
Тәшкен Мұхамтебеков, Асусай ауылының тұрғыны:
Камаздар келмейді. Жол қиын. Таулы жер. Малдың астынан шыққан тезектерді жиып аламыз да, сол көмір келгенше соны жағамыз. Бізде енді 5-6 ай қыс болады.
Аудан әкімшілігі жылда қайталанатын мәселе биыл одан бетер ушығып кеткендігін біледі. Бірақ, көмір бағасын тұрақтандыруға қауқарсыз. Сондықтан, табиғи газға көшу арқылы ғана мәселені реттей аламыз деп отыр.
Асхат Смайылов, Тарбағатай ауданының әкімі:
Көрші отырған Зайсанда газ шығып, аудан 80 пайыз газдандырылып отырғандығын бәрін естіп,біліп отыр. Құлақтанып отыр азаматтар. Қазір келісім жасап, «Маңырақ мұнай» деген компаниямен келісімге отырып аудандағы өзіміздің территориядан газды бұрғылап зерттеу мақсатында жұмыстарды бастап кеттік.
Алайда, әкім айтқан зерттеудің нәтижесі не болары белгісіз. Тарбағатайдың іргесіндегі Зайсан ауданынан табиғи газ тарту үшін жергілікті шенеуніктер келісімге келе алмаған.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу