Ұлт руханияты үшін қудаланған ұлы тұлғаларды ақтау - басты міндет. Алматыда кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары тақырыбында республикалық конференция өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар қатысты. Мамандар озбыр саясаттың құрбаны болған дін қайраткерлеріне қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Тілші толықтырсын.
Кеңес үкіметінің тұсында дінді қоғамдық өмірден аластатудың барлық амалы жасалды. Ғалымдардың сөзінше, тіпті идеологиялық жоспар құрылып, сол заманда мешіт пен медресе ашып, насихат жүргізумен ғана шектелмей, ұлт қайраткерлеріне дейін дәріс берген хазіреттер мен ишан-ахундар репрессияға ұшырады. Сондықтан, ұлт руханияты үшін қызмет еткен қайраткерлерді ақтау мен ұлықтау парызымыз деді жиналғандар.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырған. Қазір барлық өңірде жүйелі жұмыс істеп жатқандар қатарында дәстүрлі дін өкілдерін ақтау тобы да бар. Олар аймақтардағы мемлекеттік архивтерді ақтарып, бүгінге дейін құпия түрде сақталған құжаттарды зерттеп жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да барлық аймақтан озбыр саясаттың құрбаны болған дін қайраткерлері туралы мәлімет іздеуге кіріскен. Бүгін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мемлекеттік комиссия өкілдеріне 290 дін қайраткерінің тізімін табыстады. Олардың 50-ден астамы әлі күнге дейін ақталмаған. Құжаттарды әрі қарай тиісті мамандар зерттейді. Ал діни басқарма өкілдері осымен шектелмей, игі істі алдағы уақытта да жалғастырамыз дейді.
Нұрхан Нұрланұлы