Теміртаудағы әскери бөлімде оққа ұшқан сарбаздың туыстары оның суицид жасағанына сенбейтінін мәлімдеді. Қара жамылған отбасы мүшелерінің айтуынша ол бұған дейін ай сайын берілетін 3700 теңге төлемақыны ала алмай келген. Әскери бөлімде мұндай жағдай бұрын да қайталанған көрінеді. Сондықтан, сарбаз өз-өзіне қол жұмсады деп істі жылы жаба салуға болмайды дейді туыстары.
Жақсылық Айбеков, марқұмның туысы:Маңдай тұсынан емес, тамағының астынан атылған. Менің ең үлкен бауырымның баласы. Алматыда оқып жүрген кезінде кетті. Сол күні түнде туған әпкесімен сөйлескен.
Осы жағдайға орай әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Бұл туралы Ұлттық гвардия «Орталық» өңірлік қолбасшылығы өкілі хабарлады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қайтыс болған жауынгер Түркістан облысының тумасы. Отбасындағы алты баланың бірі. Бұған дейін Алматы қаласында кәсіптік колледжде білім алған. Бір жыл бұрын Теміртаудағы 55-16 әскери бөліміне шақыртылған.
Қанат Беляков, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары:Сержант осы 10 ай қызмет атқарғанның арасында өзін үздік жауынгерлердің қатарында болатын. Әскери жасақ басшысы болып жауынгерлік қызметке әрқашан шығатын. Күнделікті қызметінде де тек жақсы жағынан көрсеткен сарбаздардың бірі.