Маңғыстау облысынан Алматы қаласына қатынайтын екі бірдей жолаушылар пойызы толықтай жаңартылды. Оның біреуі кеше жолға шықты. Заманауи вагондар еліміздегі «Тұлпар» зауытында құрастырылған.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржыландыруымен сатып алынған.Тағы бір жаңалық - жаңа пойыздарға пилоттық жоба ретінде әйелдер вагоны қосылды.
Жаңа вагондар бейнебақылау, ауа баптау және өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ тоңазытқыш, микротолқынды пеш, ауызсу және ыстық су да бар. Купе мен дәліздерде ұялы телефонды қуаттайтын USB порттары қойылған. 30 орындық әйелдер вагонында да мұның барлығы қарастырылған.
Бибінұр Сәкішова, жолаушы:
Ол кезде кондер жоқ, нашар болған. Терезеден шаң кіретін. Қазір жаңа вагон болған соң бәрі жасалған. Халыққа жағдай жасалып жатыр. Әйелдер қысылуы мүмкін, сол себепті жеке өздерінде вагон болғаны дұрыс деп ойлаймын.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ соңғы жылдарда 1153 вагонды жаңартты. Соның 141-і Маңғыстау облысына алынған. Алматыға қатынайтын 2 пойызда 90 вагон бар. Қалғандары «Маңғыстау-Нұр-Сұлтан» және «Атырау-Маңғыстау» пойыздарына тіркелген.
Питер Штурм, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
«Маңғыстау-Алматы-2» пойызы бойынша жылдың соңына дейін жаңа бағыт жоспары әзірленеді. Соған сәйкес жолда жүру уақыты 2,5 сағатқа қысқарады. Ал әйелдер вагонын қосуды жолаушылар арасында жүргізілген сауалнама негізінде қолға алдық. Алдағы уақытта әйелдер вагоны «Алматы-Өскемен» пойызында да болады.
Компания 2020-2029 жылдарға арналған стратегияға сәйкес, 500-ге жуық жолаушылар вагонын алуды көздейді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды отырғызуға арналған арнайы орындар мен көтергіш құрылғысы бар вагондар да болмақ.