Қызылордада автобус паркі жабылудың алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада автобус паркі жабылудың алдында тұр

21.10.2021

Қызылордада қоғамдық көлік қатынасы нашарлап кетті. Себебі автобус жетіспейді. 2016 жылы миллиондаған АҚШ долларына несиеге алынған қоғамдық көліктердің тең жартысы бұзылып, істен шыққан. Кірісінен шығысы көп мекеме құлдыраудың алдында тұр. Мәселені тілшіміз Әділбек Серікұлы тарқатып айтсын.

Соңғы кездері қаланың шет аумағындағы жұрттың орталыққа жетуі мұңға айналды. Кей бағыттар бойынша тұрғындар автобусты сағаттап күтіп, жолынан қалатын болды.

Ал жолаушы тасымалын ұйымдастырушы Қызылорда автобус паркінің еншісінде небәрі 135 автобус бар. Қалаішілік 33 бағыттың 5-еуін ғана қамтиды. Соңғы аптада жолға 50-ден астам үлкен автобустар шығуда.
Әділбек Серікұлы, тілші: 
Мына қирап қалған автобустар 2016 жылы Еуропаның қайта құру және даму банкінен несиеге алынған. Қытайдан әкелінген 92 автобустың бүгінде 48-і істен шығып, автопарктің тұрағында қаңырап тұр.
Мұнан бөлек, 25 техника күрделі жөндеуді күтіп тұр. Ал әр автобусты шығаруға шамамен 5-6 миллион теңге қаржы қажет. Бірақ, ондай үлкен соманы табуға мекеменің шамасы жетпейді. Оның үстіне, Қытайдан алынатын қосалқы бөлшектердің бағасы шарықтап кеткен.
Серікбол Ахитов,  «Қызылорда автобус паркі» ЖШС бас инженері:
Қосалқы бөлшектер 30-40 пайызға қымбаттады. Жанармай қамбыттап жатыр. Біздің автобустардың 90 пайызы Қытай мемлекетінде жасап шығарылған. Сондықтан барлық тапсырыстарды Қытайға жібереміз. Затымыз 2 айда зорға келеді.
Кезінде жергілікті билік 18 миллион доллардан астам несие алып, заманауи автобус паркін құрды. Алайда бұл жоба қазір құрдымға кеткелі тұр. Себебі, содан бері доллардың құны еселеп өсіп, қарыз ұлғайып шыға келді. Ал қала әкімдігі жолаушылар тасымалына берілетін субсидияны көбейтпесе, жағдай қиын деп отыр.
Бауыржан Оспанов, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы:
2023 жылға дейін төленетін қарыз 9 млн. 961 мың долларды құрап отыр. Бір ғана қаланың бюджетімен автобус паркін ұстап тұруға мүмкіндік жоқ. Бұл негізі республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мәселе.
Оның үстіне жанармай қымбаттағалы жеке тасымалдаушылар да кірістен шығын көп деп, субссидия берілуін талап етуде. Ал автобус паркін ұстап тұру үшін жылына 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде қаржы керек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу