Қазақстанда 2025 жылға қарай 100 мың білікті IT-маман даярлау жоспарда бар. Бұл туралы Премьер-министрдің қатысуымен өткен цифрландыру жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Жиында бес жыл ішінде өңірлерде 20 инновациялық бағдарламау мектебін ашып, оған 20 мың грант бөлінетіні белгілі болды. Ал 2023 жылдан бастап барлық орта мектептерде «Информатика» пәнін ҰБТ-ға енгізе отырып, ол бойынша «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу көзделген.
Жиында сондай-ақ, бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесін құру, халықты әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге арналған «әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасын енгізу, кен орындары бойынша геологиялық деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Елімізде қатты пайдалы қазбаларды барлауға шетелдік инвестицияларды тартудың жалпы көлемі 2030 жылға қарай 96 млрд теңге көлемінде деп болжанып отыр. Асқар Мамин жоспарланған барлық жобалардың уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Саламат Омаш