Теріскейде элеватор жұмысшылары 9 айдан бері жалақы ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде элеватор жұмысшылары 9 айдан бері жалақы ала алмай жүр

20.10.2021

Солтүстік Қазақстан облысындағы элеватор жұмысшылары ақпан айынан бері жалақыларын ала алмай жүр. Көпшіліктің зейнетақы, медициналық сақтандыру қорларына міндетті ай сайынғы жарнасының аударылмағанына жыл асқан. Жұмысшылар борышкердің үстінен құзырлы орындарға шағымданды. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Эльмира Кәленова Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылына арнайы барып келді.

Егін орағы аяқталар шақ болғанымен, элеватор басында жылдағыдай қарбалас жоқ.Ұзақ уақыт бойы «Айыртау астық» болып жұмыс істеген астық қабылдау қоймасы қазір «АгроПродукция - 2017» деп атауын өзгерткен. Жұмысшылардың айтуынша, серіктестіктің қарызы көбейіп кеткендіктен меншік иесі басқа ұйым ашып, жұмысты жалғастырған.

Компания 34 адамға 15 млн теңге қарыз. Олар жалақы түгілі құжаттарын алып, басқа жұмысқа орналасайын десе, кеңсеге кіре алмай жүр. Медициналық сақтандыру қорына жарна аударылмағандықтан көпшілік тегін дәрігерлік көмектен де қағылған.

Анжелика Беляева, өндірістік-технологиялық зертхана меңгерушісі: 
Өндіріс тоқтап тұр. Адамдар жұмыс істеуден бас тартып жатыр. Басшылық қарызды қайтарамыз деп апта сайын уәде етеді. Біз бас директор Мәжит Сабыровтың үстінен полицияға арыздандық. Бізге оның Алматы қаласында тұратыны ғана белгілі. Екі балам бар, екі несием бар. Күйеуімнің табысына ғана күн көріп отырмыз.

Сонымен қатар кәсіпкердің қарамағында «Жаңа астық», «Жарқын- СК» серіктестіктері бар. Кейінгісі 5 ауыл тұрғындарының 42 мың гектар жерін жалған құжат жасау арқылы кепілге қойып несие алған.

Эльмира Кәленова, тілші: 
Мына ғимарат «Жарқын-СК» серіктестігінің кеңсесі. Есігіне қара құлыптың ілінгеніне жарты жыл. Жалақы төлемегендіктен жұмысшылары бір күнде арыз жазып, жұмыстан кеткен.

Банк пен халық алдына белшесінен қарызға батқан компанияның заңсыз әркеттерінен зардап шеккендердің бірі - Светлое ауылының тұрғыны Сайран Ысқақов.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Айыртау-Астық» серіктестігі әкімшілік жазаға тартылды. Банк шоттары бұғатталып, шығыс операциялары уақытша тоқтатылған.

Едірес Жанапин, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары: 
Хаттама бәрін салып, Еңбек инспекциясына жібердік. Сосын олардан бізге хаттама келді. Біз мораторий болғандықтан тексере алмаймыз деп. Бірақ олар осында келді да Сабировты таба алмады. Аша алмады, тексерісті. Олардың қанша қарызы бар екенін қазір айта алмаймыз. Өйткені біз мониторинг жүргізбейміз.

Облыстық прокуратура болса, бір ай бұрын сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. Алайда құзырлы органнан жалақы төлемеу дерегі бойынша толымды ақпарат алу мүмкін болмады.

Эльмира Кәленова 

Хабарламаларға жазылу