Түркістанда баспана бағасы шарықтап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда баспана бағасы шарықтап барады

19.10.2021

Түркістанда тұрғын үйдің бағасы шарықтап кетті. Бастапқыда жаңа пәтерлерлер шаршы метріне 160 мың теңгеден сатылса, қазір 320 мың теңгеге дейін жетті. Салдарынан мұқтаж азаматтар баспанаға қол жеткізе алмай, алып-сатарлар қып-қызыл пайдаға кенелуде.

Бір бөлмелі пәтерін кеңейтсем деген қала тұрғыны Өркен Мырзабек баспана бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанына алаңдаулы. Себебі қазір үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 20-25 млн теңгеге дейін шарықтап кеткен.

Өркен Мырзабек, Түркістан қаласының тұрғыны:

Бұл үйдің алғашқы иесі 1 бөлмелі үйді қараша айында конкурсқа қатысу арқылы 6 млн-ға алған болатын. Сосын екенші адамға 9 млн-ға сатқан екен. Екінші иесі маған 13 млн-ға сатты. Айналдырған 6 айдың ішінде бұл үйлердің бағасы 2-3 есеге өсіп кеткен. Енді маған 3 бөлмелі үй алу керек. Ондай сомманы табу жас отбасы үшін мүмкін емес жағдай.

Ал құрылыс компанияларының өкілдері бұл бағаны қымбат деп санамайды. Себебі құрылыс материалдарының құны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Сондықтан пәтер бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз дейді.

Сапар Ауласов, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

320 болу себебі - шығынына байланысты. Арматура, терезелер, цемент, жұмыс күші бар. Осының бәрін есептеп шығарғанда осындай бағаға тура кеп тұр. Құрылыс материалының қымбаттауынан біздер бағаны осылай қойдық. Мысалы, арматураны құрылыс бастағанда біз 220 алсақ, қазір 420 теңгеге қымбаттап кетті.

Ал нарықты бақылап, бағаны негізсіз көтергендермен күресетін жауапты орган өкілдері базар жағалап, құрылыс материалдарының құнын зерттеумен әлек. Олар тіпті баспананың қымбаттап кеткенінен бейхабар болып шықты.

Ерлан Жайсабаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті Талдау бөлімінің бас маманы:

Қазір мемлекеттік бағдарламамен баға өзгеріссіз 1 шаршы метрі 180 мың теңгеден беріліп жатыр. Жекеменшік компанияларда баға өсімі байқалмады.

Жекеменшік сарапшылар болса баспана бағасын реттеу үшін көпқабатты үйлерді тездетіп пайдалануға беру керек дейді.

Сәбит Баймағамбетов, экономист-сарапшы:

Қазіргі таңда Түркістанда пәтер эксклюзив тауар ретінде ұсынылып отыр. Пәтердің бағасын пәтерді жалға беруші өзі белгілеп жатыр. Яғни ол бұл жағдайды максималды пайдаланғысы келіп, максималды бағаны қойып жатыр. Қазір салыстырып қарайтын болсақ, Түркістандағы баға еліміздің басты қалалары Шымкенттен жоғары, Астана, Алматымен жобалас болып тұр.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Қазір өңірде баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 40 мыңнан асады. Биыл жыл соңына дейін 5200 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бірақ мұнымен баспанаға мұқтаждардың мәселесі шешілмейді. Сондықтан сұраныс барда тұрғын үйдің бағасы қымбаттай береді дейді сарапшылар.

Айнұр АҚБАЕВА


Түркістан баспана

Хабарламаларға жазылу