Құрылыс нарығында бәсекелестік орта қалыптаспай баспана бағасы арзандамайды. Сарапшылар құрылыс заттарынан бөлек, үйдің қымбаттауына сұраныстың көптігі себеп дейді. Ал елімізде биыл тұрғын үй шамамен 11 пайызға қымбаттаған. Баға өткен айдың өзінде 1 пайызға өсті. Тілші материалында толығырақ.
Баспананың қымбаттауына нарықтағы тұрғын үй тапшылығы себеп. Экономист Мақсат Сералы елде сұраныстың 10 есе өскенін айтады. Сонымен бірге кейбір құрылыс материалдарының құны үш есе қымбаттаған. Мәселен, темір биыл 75%-ке шарықтаған.
Мақсат Серәлі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиал директоры:Құрылыс компанияларының беріп отырған шаршы метрі әлі де төмен. Бағаның қымбаттауы темірден басталды. Ал темірдің бағасы әлемдік нарықта биржа арқылы бекітіліп, ол барлық салаға келіп әсерін тигізді.
Лиза Айбатырова, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бөлім басшысы:Құрылыстың саны көбейген кезде материал сататын зауыттардың мүмкіндігі аз болса, тағы да басқа жерден іздеуге тура келеді. Құрылыс көбейген сайын қосымша шығындар да шығады.
Алайда кейбір мамандар қымбатшылықты құрылыс материалдарының құнымен өлшеуге қарсы. Мәселен, елде 2016 жылы арматураның бағасы айтарлықтай өскенде, тұрғын үй небары 4,8%-ке қымбаттаған. Ал арматура 84 мың теңгеден асқанда, 2017 жылы жаңа үйлер керісінше арзандаған. Мамандар сол үшін әр шаршы метрдің шекті бағасын бекітуді ұсынды.
Меруерт Махмұтова, қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры:Құрылыс нарығын негізі монополия басып отыр. Нарық 4-5 компанияның қолында отыр. Ішкі миграция жоғары. Ірі компаниялар жер алып алады. Өз саясатын өткізіп, бағаны өкіртіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл жаңа үйлер 10,9%-ке қымбаттаған. Шаршы метрі 343 мың теңгеден асады. Бауыржан Ысқақов бағаны тұрақтандыру үшін бәсекелестік орта қалыптастыру керек дейді. Оның пікірінше, санаулы компания үй бағасын өзара келісіп, өсіруі мүмкін.
Бауыржан Ысқақов, Экономика ғылымдарының кандидаты:Саусақпен санарлық ғана құрылыс нарығында жұмыс істеп жатқаны. Бірінің мүддесін бірі ойлап, ортақ бір нарықтық баға шығарып та қоюы мүмкін. Бірдей баға қоятын болса, қарапайым халықта «оның бағасы сондай болуы керек» деген түсінік қалыптасып қалады.
Мамандар сонымен бірге үй салуға берілетін субсидия көлемін арттыруды ұсынды.
Мақсат Серәлі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиал директоры:Үкімет мемлекеттік бюджет арқылы соғылатын пәтерлердің санын қысқартпақшы. Бұл ішкі нарықта болып жатқан дефицитке алып келеді. Тағы да бағаның қымбаттауы алып келеді. Жапония, Қытай, Түркияда болсын мемлекеттік бағдарламамен соғылған үйлер эталон болып есептеледі. Бізге де сондай стереотип қалыптастыру керек.
Ақерке Бектас, Нұрхан Нұрланұлы