Аманкелді – Үрпек жолы алғаш рет асфальтталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аманкелді – Үрпек жолы алғаш рет асфальтталды

14.10.2021

Қостанай облысында аудан орталығы Аманкелдіден Үрпек ауылына баратын жолға биыл тұңғыш рет асфальт төселді. Бұл үшін облыс қазынасынан 501 млн, аудан бюджетінен 28 млн теңге қаржы бөлініпті. Ұзақ жылдар бойы жол азабын тартып келген тұрғындар «Бұл біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына үлкен тарту болды» дейді. Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Аудан орталығынан Үрпекке баратын бұл жол 80-ші жылдары салынған. Бірақ ешқашан үстіне асфальт төселмепті. Соның кесірінен қар еріп жаңбыр жауса ми батпаққа айналып, көліктің жүруі қиындайтын. Бұл жерге тақтайдай тегіс асфальт биыл жазда ғана төселе бастады.
Серік Жұмабеков, ауыл тұрғыны:
Тамаша болды. Теп-тегіс. Әсіресе мал ұстайтын ауылдағы шаруа қожалықтарына өз өнімдерін шығаруға, сатуға тамаша болды.
Үрпектен аудан орталығы мен күре жолға дейінгі қашықтық 16 шақырым ғана. Алайда сол асфальтсыз 16 шақырым қатынасты қиындатып, тұрғындар үшін күнделікті тұрмыстағы түйткілге айналған еді. Сондықтан жолдың жөнделуін жұртшылық ғасыр жаңалығына балайды.
Сәндібек Сығай, автобус жүргізушісі:
21 ғасырға жеттік біз енді. Әдемі жолмен келе жатырмыз. Бұрын тайып кюветке түсіп кететінбіз. Трактормен тартып шығаратын. Өркендеп өсіп жатыр міне Қазақстан.
1600-ден астам халқы, 55 шаруа қожалығы, екі ірі серіктестігі бар Үрпек – тұрмысы жайлы, түтіні түзу ұшқан елді-мекендердің бірі. Ал ауылды өркендету инфрқұрылымды дамытудан басталады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс ауданда біртіндеп жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Руслан Қайырбеков, аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Былтыр Ақсай ауылына 15 шақырым жол толқы асфальтталды. Сонымен қатар Байғабыл ауылына кіретін 5 шақырым жол асфальтталды.
Жалпы биыл облыс бойынша барлығы 227 шақырым жолды жөндеуге 20 млдр теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал алдағы жылы Аманкелді ауданында Үрпектен әрі қарай Қабырға ауылына баратын 47 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу