Атыраулық шаруалар төрт түлікке су таппай қиналып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық шаруалар төрт түлікке су таппай қиналып отыр

13.10.2021

Атыраулық шаруалар төрт түлікке су таппай қиналып отыр. Әсіресе экономикасы мал шаруашылығына байланған Қызылқоға ауданында жағдай тіптен ушығып тұр. Жер бетіндегі су көздері құрғап біткен. Амалы таусылған қожалық иелері жаппай құдық қазып жатыр. Шалғайдағы шаруалардың проблемасын Жандос Темірғали тарқатады.

Жандос Темірғали, тілші:
Биыл Қызылқоға ауданында 18 құдық қазылды. Жер асты суының тереңдеп кетуі мәселені одан бетер ушықтырып тұр. Мәселен мына құдықтың суы 18 метрден шығып жатыр. Тіпті кейбір шаруалар 100 метрге дейін құдық қазып жатқан көрінеді.

Құдық қазудан тынбаған Теміржан Құбанов биыл әупірімдеп жүріп су көзін тапты. Бұл жолы жеке кәсіпкерге ұңғымалау әдісі арқылы қаздыртқан. Анау айтқандай тұщы емес. Бірақ, әзірге ішуге жарап тұр. Бұған дейінгісі тұзды болып, шаруаны тығырыққа тіреген. Қазір иелігіндегі бір қора мал жалғыз құдыққа қарап қалған. Оның өзінде қор түгесіліп барады.

Теміржан Құбанов, «Жандос» шаруа қожалығының жетекшісі:
Бұрын енді мына скважиндарымызды қаза алмадық. Жаз жайдауға кетіп жүрдік. Көрші ауылдан тасымал болды. Қиындығы сол – жер асты сулары қашып барады. Осы бір айдай болды. Құдығымыз қазылды. Шамамен 1 метрдей суы бар. 3-4 тонна. Қандырмайды.

 2000 мың қойы бар Талғат Сарманов та тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Құдықтағы су күн өткен сайын ортайып барады. Бірнеше рет өзге жерден қаздыртып көрді. Бірақ бәрі бекер. Қазір айналдырған 4 құдығы бар. Суы мыңғырған малға жетпейді.

Талғат Сарманов, «Нұрлыдала» агрофирмасының жетекшісі:
Бізде су мәселесі қиындау болып тұр. Ауылда көп су жоқ. Осы 2020-да 4-5 жерден қаздық су шықпай тұр.

Ойыл өзенінің құрғауы жығылғанға жұдырық болып тұр. Ауданда 400-дей қожалық бар. Суға мұқтаждары жаппай ұңғымалау әдісімен құдық қаздыртуға көшкен. Шаруаларға бұл қып қызыл шығын. Өйткені құдық қазғандар әр метрі үшін орташа есеппен 40 мың теңгеден ақша алады.

Әділет Шаймарданов, Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық секторының меңгерушісі:
Көршілес облыстардан арнайы техникасы бар кәсіпкерлерді шақырып, биылдың өзінде 18 шаруа қожалыққа құдық қазылды.Біздің қожалықтар 7 млн теңге шамасында мемлекеттен субсидия алды. Яғни қаздырған шығындарының 50 пайызын мемлекет есебінен жапты.

Проблеманы шешу үшін аудан төңірегінде кешенді зерттеу жүргізілді. Нәтиесі көңіл көншітпейді. Су қоры азайып кеткен.

 Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу