Атыраулық шаруалар шөп пен судан тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық шаруалар шөп пен судан тарығып отыр

26.01.2023

Атырау облысындағы Жылыой ауданының төрт түлігіне су мен шөп тапшылық етіп тұр. Тығырыққа тірелген қожалық иелері мал азығын өзге облыстардан тасуға мәжбүр. Бұған дейін бұл қажеттілікті шаруалар жері шүйгін көрші Қызылқоға ауданындағы шабындықпен толықтырған еді. Былтыр бұған шектеу қойылған. Әрі қараша айында басталған аяз, ашық су көздерін қатырып тастап, тіршілігі өзенге байланған малшыларды тығырыққа тіреді.

Жылыой ауданындағы 400-ге жуық шаруашылықтың басым бөлігі суды осы Жем өзенінен алады. Былтыр көктемде өзен тасыса да, қазір арнасында су аз. Су айдынының тереңдігі 35-40 см-ден аспайды. Мысалы 3 мың бас қой үшін 50 шақты суат жасау керек. Ал бұл бейнеті көп шаруа.

Бақтығали Жиенқұлов, шаруашылық жетекшісі:
Жем өзені терең болып ағып тұруы керек. Қазір осы судың кейбір жерлері таяздықтан жабысып қалып жатыр. Ойғанда астында су болмай қалады. Кең шұңқырдан ішіп, күнін көріп отыр.

Облыстағы 7 ауданның тең жартысында қазір мал азығы қат. Құнарлы шөптің басым бөлігі Қызылқоға ауданында дайындалады. Тайсойған ауылындағы бұрынғы полигон аумағында да мал азығының мол қоры бар. Шаруалар осы шұрайлы өлкеден жер сұрайды.

Дастан Тілеуов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
Биыл қыс қарасып тұр қар жаумағанмен. Далаға жайылып жатыр мал. Егер жаңағы қар жауып, борын соқса шөбіміз жетпейді. Сол полигонның жерін Жылыой ауданының шаруаларына алып берсе. Ол аудандық деңгейде шешілмесе, облыс деңгейінде шешу керек.

Тіршілігі Жем өзеніне тәуелді шаруалар «Аралтөбе су қоймасы» жобасын қайта қолға алуды сұрайды. Егер суландыру жүйесі іске қосылса, онда Жылыой ауданының қоймасына жыл сайын 55-60 млн текше метр су жинауға болады. Бірнеше мәрте әкімдікке ұсыныс та айтылған.

Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:
Бұл 69 жылдары көтерілген мәселе. Басталып, артынан тоқтап қалған. Енді біздің Аралтөбе учаскесінен қойма салынса, Жем суын сақтап қалуға мүмкіндік бар әлі де.

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы жердің 1,5 пайызы ғана шабындық. Небәрі 132 мың гектар ғана. Әкімдік шаруаларға жер бөліп беру жағын қарастырамыз деп отыр.

Әлібек Ермекқали, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
Ал, биылғы жыл қалай болады, қалай өтеді ол уақыттың еншісінде. Егер де қуаңшылық болатын болса алдын ала қарастырып, келісіп, жүзеге асыруға болады. 

Аралтөбе су қоймасы турасындағы әңгіме әзірше сөз жүзінде қалатын сыңайлы. Өйткені, жоба қайта бастан-аяқ зерттеуді қажет етеді. Ал, жауаптылар мал азығы төңірегінде биыл мәселе болмайды деп сендірді. Аудандық әкімдіктер шабындық бойынша өзара келісімге отырмақ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу