Ақтөбе облысында тұрғындар жайылым таппай қиналып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тұрғындар жайылым таппай қиналып отыр

15.09.2022

Ақтөбенің іргесіндегі Өрлеу ауылының тұрғындары төрт түлігін жаятын жеп таппай отыр. Маңайдағы құнарлы жерлердің бәрін дөкейлер иемденіп алған дейді. Оның үстіне карьерлердің жұмысы жығылғанға жұдырық болып тұр. Амалы таусылған тұрғындар малын қорада қамап ұстауға мәжбүр. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауыл жанында аумағы ат шаптырым мынадай 8 карьер бар. Тұрғындар «Малымыздың өріске шығатын жолы тарылды» деп ашынып отыр. Ал, желді күндері елдімекенді шаң басып, халық далаға шыға алмай қалады екен.

Осылайша, өрлеудегі жұрттың шаруасы алға өрлемей тұр. Соңғы жылдары жақын маңдағы құнарлы жер түгелге жуық жеке шаруашылықтардың иелігіне өтіп кеткен. Ал, қарапайым халықтың қой-ешкісі мен ірі қара малы ауыл ішінде жайылады. Тұрғындар жайылымның жоқтығы өз алдына, енді жылқы мен сиырдың жеке шаруашылық аумағына кіріп кеткені үшін бірнеше мыңдап айыппұл төлеп жатырмыз дейді. Амалдың жоқтығынан көпшілігі қымбат болса да жем-шөп сатып алып, төрт түлігін қорасында ұстауға мәжбүр.

Сатыбалды Өтегенұлы, ауыл тұрғыны:

Кілең жеке қожалықтар алып алған. Сосын баяғы әкімдердің ағайындары. Малымыз кіріп кетсе, қамап тастайды. Лесхозға кіргізбейді.

Амангелді Ұлыбеков, ауыл тұрғыны:

Бұл уақытта адам мал байламайды ғой, өздерің де малды жерде өскен баласыңдар. Тіпті, адам аяйды. Жем жемейді, далаға кеткісі келеді. Жіберсек, қуып келеді де, қамап тастайды.

Ауыл халқы іргедегі ең құнарлы деген мына 30 гектардай жерді облыстық мәслихат депутаты иемденіп алған дейді. Ол азамат бұл аумақты бау-бақшаға айналдырып, қаланы көркейту мақсатында екпе талдар өсірумен айналысамын деп ақталып отыр. Жылқылар бақшаны таптады деп, тұрғындардың өздерін кінәлайды.

Евгений Лазарчук, Облыстық мәслихат депутаты:

Қаланы көркейту үшін әкімдіктен жер сұрадым. Жыл сайын мыңдаған көшет шығарып, таратып келдік. Ал, бұл жылы ештеңе жоқ. Себебі, бәрін жылқы жеп, таптап кетті. Сол үшін алты рет арыз жаздым. Иелеріне әкімшілік жаза қолданылды.

Әкімдік өкілдері заңды түрде жұмыс істеп отырған серіктестіктерге ешқандай бөгет жасай алмаймыз дейді. Қазір ауылдың айналасында жекенің малына арналған 300 гектардай ғана жер бар. Шенділер оның аздық ететінін мойындайды. Тұрғындар жайылымды басқа жерден қарасын дейді.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

Басқа жер учаскелері бар. Солардан аукционнан, я болмаса он жылға жалға алып, солай шығу керек. Қарапайым тұрғындарға. Мысалы, қаншама үйір жылқылары бар. Ол шаруа қожалығын ұйымдастыру керек.

Ал, жер қатынастары бөлімінің мамандары жуық арада пайдаланылмай жатқан 500 гектардай жердің мемлекет меншігіне қайтарылатынын жеткізді. Дегенмен, оның өзі мал асырап күн көріп отырған тұрғындар үшін аздық етеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу