Қостанай облысының Аманкелді ауданында үш айға жететін ғана көкөніс қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Аманкелді ауданында үш айға жететін ғана көкөніс қалды

12.10.2021

Қостанай облысының оңтүстігіндегі шалғай Аманкелді ауданында үш айға жететін ғана көкөніс қалды. Сондықтан, картоп пен көкөніс бағасы алдағы уақытта тағы қымбаттауы мүмкін. Ал тауарды сырттан тасымалдау үшін жүк көліктерін жалдау құны қазірдің өзінде шарықтап тұр. Облыс орталығынан 450 шақырым жердегі елді мекенге тілшіміз Дәуренбек Әбдібек арнайы барды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жаңадан салынып жатқан мына қоймада қазір 10 тоннаға жуық картоп тұр. Құрлысы толық аяқталған соң мұнда 80-90 тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Әрине, топырағының құнары аз бұл өңірде бау-бақша салатындар көп емес. Дегенмен ешқандай химиялық тыңайтқыш қосылмайтындықтан бұл жердің өнімінің басты ерекшелігі – табиғи, таза.

Айтбай Сәкенов Аманкелді ауданындағы бау-бақша салатын азғантай шаруаның бірі. Жер көлемі 10 гектар ғана. Көкөніс өсіруді өзін-өзі қамтушы ретінде отбасымен кәсіп етіп отыр. Маусымдық жұмысқа ауыл тұрғындарын да тартады. Таң қараңғысынан түн қараңғысына дейін тынбай, маңдай терімен тапқанын қанағат етіп жүрген жан.

Айтбай Сәкенов, шаруа:
Өнім жақсы. 100 тоннадай картоп алдық. Қарбыз 70-80 тоннадай. Жаздай аудан орталығын қияр, қызанақпен қамтамасыз еттік. Қынжылтатыны - кейінгі жастар бау-бақша өсіру сияқты қара жұмысқа бара қоймайды. Біз қатарлылар істейтін.

Жұмыс күшінің жетіспеуінен Дастан Бимағанбетов те екі жылдан бері бақша салған жоқ. Жұбайы екеуінің өздеріне тиесілі көкөніс сақтайтын қойма мен дүкеннің жұмысынан қолдары босамайды. Қазір олар картопты келісін 150-170 теңгеден жергілікті шаруалардан алып үстіне 10-15 теңге қосып саудалап жатыр. Бірақ жергілікті өнім жуырда таусылады. Сол кезде баға бірнеше есе өсуі мүмкін.

Дастан Бимағанбетов, кәсіпкер:
Камаздағылар жылап отыр қазір. Бармаймыз дейді рейске 220 мың теңге қазіргі бағамен. Себебі одан өздеріне ештеңе артылмайды. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшек қымбат.

Тығырықтан шығудың жолы бау-бақша көлемін арттыру. Ауданда қазір картоп, көкөніс егетін алқаптың көлемі 200 гектарға да жетпейді.

Болат Алпысбаев, Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл жерде қиындығы жұмысшы табу қиын. Ешкім еңкейіп жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан заманауи техникалар көбірек алу үшін шаруалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Яғни қазіргі меже жұмысты барынша механизацияландырып, қол еңбегін азайту. Сонда ғана жерді игерушілер көбейіп, өнім молайып, сәйкесінше бағаны да бақылауда ұстау мүмкін болмақ.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу