Алматы облысында құс шаруашылығын дамытуға ден қойған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Кейбірі тіпті экзотикалық құс әкеліп, өңірге жерсіндіріп жатыр. Мәселен, Ұйғыр ауданында алғаш рет түйеқұс өсіріле бастады. Бұған дейін Жетісу жеріне Африка құрлығында мекендейтін түйеқұстар бейімделген болса, енді шаруалар алып құстарды Австралиядан әкеліп көбейтуге кіріскен. Бұл - түйеқұстың австралиялық Эму тұқымы. Шаруашылықта қазір 25 бас құс болса, оның 15-і мекиен,демек, жұмыртқа салатын аналығы. Әрқайсысы жылына 45-50 жұмыртқа береді.Салмағы 50-55 келіге дейін жетеді. Суыққа төзімді, жем-шөп талғамайды.
Бахтияр Әбділминов, Компания басшысы:
Етінің дәмі сиыр етіне ұқсас. Біз алдымен санын арттырып алғымыз келеді. Ол үшін арнайы инкубаторымыз бар. Әзірге ыстық суға демалуға келген қонақтарымызға көзайым ретінде, шағын зообақ ретінде тамашалауға ұсынып отырмыз.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл шаруашылық бекіре тұқымдас балықты өсіруді қола алыпты. Міне қазір менің қолымда сібір бекіресі. Алдағы төрт-бес жылда санын көбейтіп, уылдырық өндіруді де қолға алайын деп жатыр.
Қаратал ауданындағы шаруа қожалығы әуел баста балық шаруашылығымен айналысқан. Бірнеше жылдан бері қаз өсіріп келеді. Жылына құс санын 3,5 мыңнан асырап, 5 тоннаға дейін ет өткізеді. Қазір инвестициялық жобаны қолға алып, құс азығын өздері өндіруге ниет білдіріп отыр. Жоспар жүзеге асса 16 мың бас қаз-үйрек асырамақ.
Анатолий Аксенов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
Біз бұрыңғыдай базар жағалап кетпейміз. Талдықорған, Текелі қалаларында тұрақты тұтынушыларымыз бар. Мереке күндері Алматыдан да тапсырыс түседі. Қаз етіне сұраныс артып келеді.
Жалпы Алматы облысында үй құстарының саны 10 млннан асады. Оның 7 миллионы фабрикаларда өсірілуде.
Қуаныш Қанатұлы