Сидней 107 күндік локдауннан шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сидней 107 күндік локдауннан шықты

11.10.2021

Австралияның Сидней қаласында бүгін 4 ай бойғы локдаунның күші жойылды. Еркін жүріп-тұруды аңсап келген қала тұрғындары үшін бұл - ерекше қуаныш. Көптен көріспей, сағынысқан жақын туыс, дос-жарандар бір-біріне қонаққа барып, мауқын басып жатыр. Сағат түнгі 12-ден бастап Сидней пабтары мен дүкендерінің есігі келушілер үшін айқара ашық. Ал, сұлулық салондары алдында ұзын-сонар кезек түзілген. Спорт залдары, кітапханалар, дәмхана, мейрамханалар мен бассейндердің ашылуын тағатсыздана күткендер көп. Қатаң шектеу шаралары тек толық вакцина алғандар үшін жеңілдетілді. Ал, жасы 16-дан асқан сиднейліктердің 80 пайызы иммундалғанда ғана шектеу шаралары толығымен алынып тасталады. Жоспар бойынша, Австралия астанасы Канберра локдауннан жұма күні шығады. Ал, Мельбурн қаласында катаң карантин айдың соңында аяқталады.


Хабарламаларға жазылу