СҚО-да кәсіпкер екі жылдан бері жаңа дүкенін аша алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да кәсіпкер екі жылдан бері жаңа дүкенін аша алмай жүр

08.10.2021

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тұратын кәсіпкер екі жылдан бері жаңа дүкенін аша алмай жүр. Сот қос қабатты нысанды 8 метр жерге әрірек көшіру жөнінде шешім шығарған. Өйткені ғимараттың қазіргі тұрған орны өрт қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейді.Алайда дүкен иесі құрылысты бастамас бұрын құжаттарын бастан-аяқ түгендеп алғанын алға тартып отыр. Тілшіміз Эльмира Кәленова тарқатсын.

Мына жерде бұған дейін дәмхана болған. Қожайыны ескі ғимарат тұрған жер учаскесін үшке бөліп сатқан. Көршілерімен бірге Татьяна Змеева да дүкен салды. Айтуынша, құрылысты бастамас бұрын тиісті органдардан рұқсат құжаттарының бәрін алған.

Татьяна Змеева, кәсіпкер: 
Жоба жасадық. Құрылысты бастауға рұқсат талонын алдық. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеріс жүргізді. Ешқандай ескерту болған жоқ. Мен дүкен саларда құрылысқа қажетті құжаттарды рәсімдеу жеңілдетілген кез болатын. Сондықтан төтенше жағдай қызметінен ешқандай анықтама қажет болған жоқ. Бұл жағын әкімдік қадағалауы керек еді.

Тауарын сатып алып, дүкенді іске қосар күн жақындағанда кәсіпкердің үстінен көршісі құқық қорғау орындарына шағым түсірген. Арызын қайтарып алу үшін сотта 2,5 млн теңге ақша талап еткен. Сот болса, кейін салынған ғимаратты сүру жөнінде шешім шығарған. Татьяна Змеева әкімдікі айыптайды. Өйткені қаланың бас сәулетшісі эскиздік жобаны мақұлдап, мөр басқан. Қазір ол қала әкімі қызметін атқарып отыр.

Азамат Қыраубаев, Булаев қаласының әкімі: 
Рұқсат құжаттарын берген кезде біз екі ғимарат арасында сақталуы тиіс қашықтықты есепке алмадық. Өрт қауіпсіздігінің талаптарын білмедік. Сондықтан мен эскиздік жобаны мақұлдадым. Кейін жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Жобалаушылар олқылықты анықтауы керек еді. Мұндай шаруамен лицензиясы бар компаниялар ғана айналысады. Қателіктердің барлығы оның көршісі арызданғаннан кейін жүргізілген тексерісте белгілі болды.

Ғимаратты салуға кеткен 54 млн теңгені кім өтемек? Кәсіпкер болса, қазір қарызға алған тауарын сатуға мәжбүр. Үйін кепілге қойып алған несиесі тағы бар. Ал қателік жіберген сәулетші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бар-жоғы 24 мың теңге айыппұл төлеген. Енді кәсіпкер әкімдіктен құрылысқа кеткен шығынды өтеуді талап етіп сотқа арызданды.

 Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу