Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық талқыланды

08.10.2021

Ақордада Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған серіктестіктің жаңа Стратегиясы пысықталды. Бейнебайланыс режимінде өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Масацугу Асакаваны қаржы институтының басшысы лауазымына сайлануымен құттықтады. Азия даму банкі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосты. 27 жыл ішінде банк Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция құйған. Президент бұл ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және ұзақмерзімді әрі өзара тиімді байланыстарды қолдауға ниетті екенін жеткізді. Ал Масацугу Асакава Қазақстанның пандемияға қарсы атқарған шараларына оң баға берді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азия даму банкінің Қазақстанға қатысты жаңа Стратегиясында біздің ұлттық басымдықтарымыз бен жоспарларымыз, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, экономиканы әртараптандыру және жасыл экономикалық өсім, теңгерімді аумақтық даму, сауда-экономикалық ынтымақтастық, цифрландыру мәселелері толық ескерілетініне сенімдімін.
 Масацугу Асакава, Азия даму банкінің президенті:
COVID-19 індетіне қарсы бағытталған күш-жігерлеріңіз туралы хабардармын. Үкіметтеріңіз белсенді шараларды жүзеге асырып, вирустың өршуін тежеу үшін нақты шешімдер қабылдап отыр. Ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына кері әсер еткен пандемияның салдарын жеңілдету мақсатында ішкі жалпы өнімнің 9,5 пайыз көлеміндегі дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымды пакетін қабылдағаныңызды қолдаймыз.


Хабарламаларға жазылу