Украинадан мыңдаған қазақстандық жауынгерге қатысты архивтік құжаттар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан мыңдаған қазақстандық жауынгерге қатысты архивтік құжаттар табылды

07.10.2021

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түссіз жоғалғандар санатында есептеліп келген мыңдаған қазақстандық жауынгерге қатысты архивтік құжаттар Украинадан табылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 2 апта бойы ел тарихы үшін аса құнды құжаттармен танысып, Украинаның бес бірдей орталық мұрағаттарында жұмыс істеді. Қазақстандық комиссия мүшелерімен тілшіміз арнайы кездесті.

Ондаған жылдар бойы «аса құпия!» деп мөрленіп, ұлттық мұрағаттарда сақталып келген құжаттарды Украина билігі 6 жыл бұрын жариялау жөнінде шешім қабылдады. Бұл саяси шешімнің Қазақстан үшін маңызы орасан. Өйткені құпия құжаттар ұлт тарихының ақтаңдақтарын зерттеу үшін аса қажет.

Қайрат Әлімғазинов, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары:
Атап айтқанда «совершенно секретно» деп белгілі болған құжаттарға доступ ашылды. Украина мемлекеттік қауіпсіздік архивінде жұмыс істеуге мүмкүндік берілді. Мұнда нақты айтқанда 1937 жылдан 1991 жылға шейін НКБД, КГБның бұйрықтары, инструкциялары, хаттамалары, дерективалары барлығын 2015 жылдан бері құпиясыздандыру комиссиялары жұмыс істап, барлығын ғылыми айналымға енгізіп жатыр.

Осылайша, қазірдің өзінде із-түссіз жоғалғандар қатарында саналып келген мыңдаған қазақстандық жауынгердің есімі бар архивтік құжаттар табылды.

Нұртаза Асылов, ҚР Қарулы күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығы директорының орынбасары:
Ғылыми топтар үшке бөлініп, бірінші топ Киев қаласындағы архивтерде жұмыс істеді. Осындай ғылыми архивтік жұмыстардың арқасында біз мыңдаған қазақстандық адамдардың есімі анықталып, сол туралы архивтік құжаттар алдық, солардың үлкен бір тобын жасап, қазір одан да басқа музейлерге барып, сол музейлермен қарым-қатынасты ары қарай дамыту жағы және өзіміздің ортақ тарихымыздың құжаттары туралы көптеген мәліметтер алып жатырмыз.

Енді 30,40-жылдардағы депортация, жаппай саяси қуғын-сүргін, миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық жайлы мәліметтерге де қол жетпек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Украинаның Каменское қаласында да болып, Жоғары кәсіптік лицей студенттеріне Қазақстанның тарихы туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар, ірі металлургиялық комбинатын да аралап, өндірістік кешеннің тыныс-тіршілігімен танысты.



Хабарламаларға жазылу