Шардарадан соңғы жиырма жылда 48 Әлем чемпионы шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардарадан соңғы жиырма жылда 48 Әлем чемпионы шыққан

05.10.2021

Шардарада соңғы жиырма жылда 48 әлем, 208 Азия және 366 Қазақстан чемпионы шыққан. Ал, тамыз айында өткен Азия чемпионатына сексенге жуық шардаралық қол күресші қатысып, 53-і алтын медальді еншіледі. Шалғайдағы ауданда чемпиондардың көптеп шығуының сыры неде? Дүниежүзінің кәсіби спортшылары неліктен Шардараға келіп жаттығады? Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Жүздеген чемпионды тәрбилеп шығарған армрестлинг клубы Шардарада он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Қарсыбаев алғашқыда ауыл балаларын өзінің ауласында жаттықтырған. Сол кездегі құрал саймандары қолдан жасалған темірлер мен жылу батареялары болыпты. Жертөле мен қараусыз қалған ғимараттарда жаттығып жүріп ақ талай белесті бағындырған жастар қазір спорттың 11 түрі бойынша арнайы базада шынығады.

Рысдәулет Мұхамбетов, жаттықтырушы: 
Әр бала өзі келіп, залға қызығып, 7-8 жасынан бастап келе береді. Жас айырмашылығы жоқ. Қызығушылық болса болды. Ары қарай дайындық, шыдамдылық. Соның бәріне шыдаса чемпион болады. Отызға жуық жаттықтырушы бар. Және 700-ге жуық спортшымыз бар дайындалып жатқан.

Бастапқыда жарыстарға баруға қаржы таппай қиналған олар мақта терімге шығып, демеушілерді де жағалаған. Бүгінде спортшылар тұтастай мемлекеттің қамқорлығында. Табанды еңбек пен темірдей төзімнің арқасында шымыр жігіттер үлкен додаларда әлемді мойындатты.

Талғат Ақтаев,  Әлем чемпионы: 
Бір салмаққа деген өзіміздің Шардарадағы жарыс қиын болады. Бізде Шардарадағы жарыста бірді алсаң, Қазақстан чемпионы болуы қиындыққа соқпайды.

Арман Қарсыбаевтың шәкірттері 2005 жылдан бастап барлық құрлықтық және әлемдік чемпионаттар мен кубоктардан құр қалмады. Бүгінге дейін 45 мемлекетте өткен жарыстарға қатысып, бәрінен олжамен оралған. Шағалалы шаһардың балғындары да қазір осы спортшыларға қарап бой түзейді.

Әлем мойындаған қазақ спортшыларынан үйрену үшін қазір Шардараға дүниежүзінің қол күресшілері келіп тұрады. Тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстар да осында өтеді. Қазір құрыш білек балуандар жанкештілікпен жаттығуларын жасап, кезекті жарыстарға қызу дайындалуда.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу