Ұлыбритания астанасында Лондон қайырымдылық марафоны өтіп, оған 40 мыңнан астам адам қатысты. Кәсіпқойлар арасында ерлерден эфиопиялық Сисей Лемма, ал әйелдерден кениялық спортшы Джойселин Джепкосгей топ жарды.
Әуесқойлар тобында жүгіргендер арасында отандастарымыз да болды. Қазақстандық Мәлика Әбіқалықова жарысқа бір жыл бойы дайындалғанын айтады. Нұр-Сұлтан қаласының тумасы Инвестициялық банкте қаржы сарапшысы болып жұмыс істейді. Бұрын-соңды мұндай жарысқа қатысып көрмесе де, 42 шақырымды 5 сағаттың ішінде оңай өткеріпті. Қайырымдылық марафонына деп Мәликаның демеушілері оған 2000 фунт, яғни 1 миллион 200 мың теңгедей ақша жинап берген. Шарадан түскен қаражаттың барлығы қатерлі ісікпен ауыратын балаларға беріліп, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға жұмсалады.
Мәлика Әбдіхалықова, Лондон марафонының қатысушысы:
Бұл марафонға қатысушы үшін бүкіл әлемнен спортшылар келді. Мен бүгін Қазақстанның атынан ауқымды спорттық шараға қатысқаныма өте қуаныштымын.
Уәли Әбдірахым, Жанкүйер:
Біз Маликаны қолдауға келдік. Бүгінгі Лондон марафонын аяқтағаны үшін біз өте қуаныштымыз. Қазақтың туын Лондонда көтеріп жүргені үшін біз өте-өте қуаныштымыз.
Марина Бекенова