Атырау облысында суретші сал ауруына шалдыққан балаларды шығармашылыққа баулып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында суретші сал ауруына шалдыққан балаларды шығармашылыққа баулып жүр

04.10.2021

Атырау облысындағы Құрманғазы ауылында автопортрет салудың хас шебері тұрады. Өнерді серік еткен Шайдолла Ғаниев қазір қылқаламның күшімен дімкәс балаларды емдеуге үлес қосып жүр. Шалғай ауылдағы ерекше өнер иесімен тілшіміз Жандос Темірғали сұқбаттасты.

53 жастағы Шайдолла Ғаниевтің бейнелеу өнерімен айналысқанына 40 жылдай уақыт болды. Алғашында ауыл көрінісін қағазға түсіріп бастаған ол - қазір өзіндік техникасын қалыптастырып, автопортрет салуға көшті. Сұраныс жоғары. Туындылары қайталанбас эксклюзив. Олардың қатарында қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың да суреті бар.

Шайдолла Ғаниев, суретші:
Бұл құрғақ киста деген техника. Бірінші рет пайдаланып осы кісіні салып қарап едім. Майлы красканы қағазға жағып алып, құрғақ кистамен салып отырады. Қағаз, кетіргіш пайдаланылады кейбір жерлеріне.

Суретші өзі меңгерген саланың қыр-сырын оқушыларға үйретуден жалыққан емес. Ұстаздыққа 20 жылын арнады. Соңғы 4 жылда сал ауруына шалдыққан балаларды шығармашылыққа баулып жүр.

Шайдолла Ғаниев, суретші:
Балалардың көбінің қол маторикасын дамыту ғой. Қолдарымен карандаш ұстауы, түсті тануы, талғамын дамыту. Сол бағытта пайдасы өте көп. Себебі кейбір карандаш ұстай алмайтын балалар болды. Олар қазір карандаш ұстай алады. Сыза алады. Төрт бұрыш, үш бұрыш салғызамыз.Боятамыз. Соның бәріне қолдары жаттығып келе жатыр.

Қылқалам шебері сурет салу үшін қағаз таңдамайды. Қиялын қияға самғатқан талант иесі түрлі түсті қарындаш пен борды пайланып- ақ талай туындыны сомдаған. Әсіресе, достарының бейнесін қағазға түсіргенді жаны сүйеді. Әр шығармасы мақтаулы.

Гүлмира Досжанова, Құрманғазы аудандық әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының маманы: 
Ағайдың әрбір туындысы балаларымыздың психологиясының өзгеруіне, ортаға бейімделуіне, қолмен жасаған дүниесін жүрегімен сезіндіруге жұмыстанып келе жатыр.
 Талғат Жұмалиев, қолөнер шебері: 
Түрлі түсті бояуды ерекше пайдаланып тұр. Бұл да бір өте сирек кездесетін өнер.Тұңғиық табиғатпен үндескендей сурет салып жатады.

Шағын ауылда қарапайым тірлік кешкен нағыз талант өнердің шыңын бағындыруды аңсайды. Мәдениет пен руханияттың ордасы болған үлкен қалаларда көрме ұйымдастыруды армандайды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу